Қазақстанда 1 айда 300 адам өзіне қол салған: мамандар суицидтің артқанына алаңдаулы

Қазақстанда 1 айда 300 адам өзіне қол салған: мамандар суицидтің артқанына алаңдаулы
Былтыр Қазақстанда 3 жарым мыңнан астам адам суицид жасаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр Қазақстанда 3 жарым мыңнан астам адам суицид жасаған. Өзін өлімге қиғандардың дені – ер адамдар. Жалпы, өзіне қол жұмсау індет пе, әлде күйзелістің шегі ме? Қазақстандықтарды өлімге итермелейтін себептер қандай? Еліміздің қай өңірінде суицид көп? Бұл сұрақтардың жауабын Almaty.tv тілшісі Тоғжан Жалғасбекқызы іздеп көрді.

Өзін өлтірмек болған Шалқар есімді азамат қазір Алматы қаласындағы психикалық сауықтыру орталығында емделіп жатыр. Осыдан бір ай бұрын жұмысында жалақысы қиылып, онымен қоймай, сүйіктісімен ажырасқан жігіт сол сәттегі ауыртпашылыққа төзе алмай, күйзеліске түскен екен. Ақыры тығырықтан шығатын жол таппаған соң өз тағдырына төрелік етпек болып, бір уыс дәріні жұтып жіберіпті.

«Басыма сан түрлі ойлар келді. Тығырықтан шығар амал таппадым. Бәрі тезірек бітсе екен деп осындай қадамға бардым», - деп еске алады ол суицид жасаған сәтін.

Шалқардың қазіргі жағдайы тәуір. Бір айлық ем-домнан кейін денсаулығымен бірге өмірге деген көзқарасы да өзгеріпті. Енді ол жаңа өмір бастаймын деп отыр.

Дәрігерлер болса Шалқардың дерті – депрессияның асқынған түрі дейді. Ал бұл орталыққа Шалқар секілді өзіне қол салып түсетіндер аз емес. Ондай науқастарға алдымен медициналық көмек көрсетіліп, сосын депрессияға қарсы препараттар береді. Ал науқастың беті бері қарай бастағанда онымен психотерапевтер жұмыс істейді.

«Біздің орталықтағы әйелдер бөліміне көбіне 20-35 жас аралығындағы қыздар мен келіншектер түсіп жатады. Әсіресе, махаббатта жолы болмаған, ажырасқан соң күйзеліске түскен, баласы ауыратын немесе қайтыс болып кеткен әйелдер көп түседі. Біз оларға ішкі әлеміндегі мәселелерді шешуге көмектесеміз. Ойын тек жақсы бағытқа өзгертуге тырысамыз. Біздің орталықтан шыққан соң олар суицид әрекетін қайталамайтындай болуы керек», - дейді Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының бөлім меңгерушісі Толқынай ДӘУЛЕНОВА.

Өткен жылы Алматыдағы Психикалық сауықтыру орталығына өзіне қол жұмсаған 52 адам түскен. Ал биылғы екі айының өзінде өзін өлімге қиған 14 адам орталықта ем алып шығыпты. Дәрігерлердің айтуынша, суицид – емделетін ауру.

Сәтсіз махаббат, жоспардың орындалмауы және өзіне деген сыни көзқарас. Психологтардың пікірінше, суицидке итермелейтін жағдайлардың негізгілері осы. Ал ең бастысы – жанұядағы тәрбие мен мейірімнің жетіспеушілігі дейді психологтар.

«Қазіргі таңда ата-аналардың көбі балаларын тәрбиелеуге уақыт таппайды. Жұмысы көп. Ал тәрбиенің өзін әр адам әрқалай береді, біреу жылы сөзбен тәрбиелейді, өзге біреу қатал жолмен тәрбие беруі мүмкін. Мұның бәрі баланың ой-санасына тікелей әсер етеді. Отбасында балаға айтылған әрбір ауыр сөз оның жүрегін жаралауы мүмкін. Соңында бала өзін кінәлі, жаман адам ретінде сезініп, суицид секілді қадамға баруы да мүмкін», – дейді психолог Ләззат КӨМЕКБАЕВА.

Осылайша өзін ешкімге керексіз сезініп, дәрі ішіп өлмек болған жасөспірімнің бірі – Маржан. Ата-анасы кішкентай кезінде ажырасып кеткен екен. Осыдан 3 жыл бұрын ең жақын адамынан айрылған ол өмірімен қош айтыспақ болыпты.

«Осыдан 3 жыл бұрын менің жасым 14-те болған кезде анам қайтыс болды. Ауыр соққыны көтере алмай мен өзіме қол салғым келді. Себебі, балаларды барлығында анасы бар, олар аналары туралы сөз айта бастағанда бірден көңілге алатынмын, сағынатынмын. Ақыры шыдай алмай суицид жасамақ болдым». – дейді Маржан.

Қолындағы бір уыс дәрінің жартысын аузына салған соң, Маржанның көз алдына артынан ерген жалғыз сіңілісі елестеген. Одан соң өмірден өткен анасы арқадан сипап, «бұл өмірдің соңы емес» дегендей кейіп танытыпты.

«Суицид жасамақ болғаныма қазір өкінемін. Бірақ мен үшін бұл үлкен бір сабақ немесе тәжірибе болды деп айтар ем. Енді қазір өзім психолог мамандығында оқып жатырмын», – дейді Маржан.

Маржан секілді өз іс-әрекетіне баға беріп, жағдайдың себебін түсінген жандар суицидке екінші рет бармайды дейді психологтар. Ал сана түкпірінде сұрақтары жауапсыз қалса адам өзіне қол жұмсауды қайталауы мүмкін екен.

«Қазақ халқында суицидті кесел деп айтып жатады. Бұл – расымен де аурудың бір түрі. Өйткені, адам соған дағдыланып қалады. Психологиялық тұрғыда ауру деп айтуға болады. Неге дейсіз ғой? Егер суицид жүзеге аспай қалып, бірақ адам өз әрекетіне сол күйі баға бере алмаса, проблемасының шешімін таппаса онда ол бұл әрекетін тағы қайталайды», - дейді психолог Ләззат КӨМЕКБАЕВА.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, осы жылдың алғашқы айының өзінде елімізде 295 суицид әрекеті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 52 адамға көп. Оның басым бөлігі – ерлер. Ал суицид жасамақ болғандар саны – 393 адам. Бұл көрсеткіш те өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 93 адамға артық және мұнда да ерлердің үлесі басым.

Айта кету керек, өзін өлімге қиғандардың дені орта буын, яғни, 35 пен 44 жас аралығындағы жандар. Ал балаларға келер болсақ, қаңтар айында елімізде 12 бала өзіне қол салған. Сондай-ақ, 28-і өлуге әрекет жасаған.

Жалпы, өткен жылы Қазақстанда 3 жарым мыңнан астам адам өзіне қол жұмсаған. Бұл көрсеткіш 2017 жылға қарағанда төмендеген. Өзіне қол жұмсағандардың 2804-і ерлер екен. Суицид оқиғаларының ең көбі ШҚО-да тіркеліпті.

Суицидке барғандардың дені асылып қалған. Одан кейін уланып өлу және биіктен секіру жағдайлары жиі кездеседі. Мамандардың пікірінше, жасөспірімдердің суицид жасауына жалғыздық, туыстарымен ұрыс-керіс және оқудағы проблемалар себеп болған.  

«Ақылдасу, санасу мәселесі жанұяда өте аз. 15 минут ішінде баламен сырласуға болады. Бұл өте маңызды. Осының өзі суицидтің алдын алар еді ғой. Бірақ біз алдын алмаймыз, тек болғаннан кейін өкініп жатамыз», – дейді Ләззат Көмекбаева.

Жалпы, өзіне қол салушылардың 80 пайызы өлім туралы ойларын тура немесе жанама түрде білдіреді екен. Сондықтан, психологтар жақындарыңыздың әр ісі мен сөзіне салмақпен қараңыз деп кеңес береді.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров