Премьер-министр «Азық-түлік корпорациясының» жұмысын қайта құруды тапсырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл елде көкөніс сақтайтын 29 қойма салынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан импортталатын қант, тауық еті, ірімшік пен сүзбе, сары май мен макарон өніміне тәуелді. Былтыр бұл мұқтаждық әлеуметтік маңызы бар тауарларға 16 пайыздан 55 пайызға дейін өссе, қант 90 пайызға жеткен. Бүгін Үкімет отырысында елдегі азық-түлік қоры мен оның бағасын ұстап тұру шаралары туралы сөз қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанға импортталатын тәуелді тауарлардың ішінде қырыққабат та бар. Сауда министрі Серік Жұманғарин Өзбекстаннан әкелінетін орамжапырақтан бас тартып, Түркістан облысындағы фермерлерге басымдық беріп отыр. Министрдің айтуынша, отандық қырыққабат өндірушілердің тізімін барлық аймаққа таратқан. Өзге аумақтар өзіміздің тауарды тікелей сатып алып, интервенция жүргізуі керек. Министр ерте пісетін орамжапырақ бағасы мамыр айында арзандайтынын болжап отыр. Ол аталған тауар түрінің импортынан бас тартып, оның орнына сүт өнімдері мен тауық еті, балықты көптеп әкелу керегін айтты.

«Сүт өнімдері, балық, тауық етіне басымдық беріп жатқанымыздың себебі – бұлар табиғи таза өнімдер. Балаларымыз, сіз бен біз таза тауар тұтынсақ, денсаулық кепілі емес пе? Сонымен қатар, ұн өнімдеріне де назар аударып жатырмыз. Бізде қайта өңдеу жағы ақсаңдап тұрған сияқты. Себебі, өндіру жағы толыққанды болғанымен, бір маусымға жетпей жатады», – деді ҚР Премьер министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Серік Жұманғарин отандық өндірісті арттырумен қамын жесе, ауыл шаруашылығы министрінің оларды сақтайтын қойманы көбейту мәселесін алға тартты. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл елде көкөністерді ұзақ мерзімге сақтайтын 29 қойма салынады. Олардың барлығы заманауи жабдықтармен толығатынын атап өтті. Яғни, қоймаларда арнайы тоңазытқыштар мен желдеткіш аппараттар орнатылады. Ведомство басшысы былтыр Қазақстанда азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 пайызға өсіп, 2,9 триллион теңге болғанын айтты.

«Бұл ретте азық-түліктің негізгі түрі – өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, жарма, шұжық, қант бағасының өсуі байқалады. Сонымен қатар, өндірісі төмендеген бірқатар тауар түрлері бар. Олар – сары май, сүт, ірімшік, сүзбе және ашытылған сүт өнімдері», – деді  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.  

Өз кезегінде Премьер-министр «Азық-түлік корпорациясының» жұмысын қайта құруды тапсырды. Себебі көкөніс сақтайтын қазіргі қойма ескіріп, оның сыйымдылығы да жеткіліксіз болып қалған. Сонымен қатар,  ол «жауапты ведомстволарға барынша қысқа мерзімде субсидиялау онлайн-платформасының тиісті жұмысын қамтамасыз ету керек» деп пәрмен берді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров