Жобаға өтінім қабылдау 1 наурызда аяқталады
Жұмыссыз отырған қыз-келіншектер ІТ саласын тегін оқып-меңгеріп шығады. Қазақстанда алғаш рет «Tech Girls» жобасы жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлия Оразымбетова 7 жылдан аса уақыт декреттік демалыста үйде отырған. Негізгі мамандығы - филолог. Бірақ жұмысқа орналаса алмаған ол IT-Aiel жобасына өтінім берген. Құжаттары қабылданып аз уақыттың ішінде оқыту курсын меңгеріп шықты. Үйреніп білгенін стартап жобасында жүзеге асырған.
– IT-Aiel бағдарламасына 2023 жылы қатысып, тегін компьютерлік бағдарлама оқыдым. Балаларға арналған цифрлық сауаттылыққа қатысты жобамды жасадым, – деді қала тұрғыны Әлия Оразымбетова.
Бастамаға елдегі 16-25 жас аралығындағы кез келген қыз-келіншек қатыса алады. Басты талап - үміткер жұмыссыз болуы керек. Онлайн режимде өтетін бағдарламада қатысушылар тегін оқытылады. Екі айдың ішінде оларға цифрлық білімін арттыруға, ақпараттық технологиялар саласын меңгеруге мүмкіндік беріледі.
– Бағдарлама ұлттық комиссияның, Astana Hub халықаралық технопаркі және Techno Women қауымдастығының бастамасымен жүзеге асып жатыр. Жобаның мақсаты – қыздардың цифрлық білімін арттыру, кодсыз және төмен кодты бағдарламалау негіздерін үйрету. Оқыту кезінде олар IT-жобасын жасауға және жетекші IT-компанияларда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады, – деді ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Алина Әбдірахманова.
Жобаға өтінім қабылдау 1 наурызда аяқталады. 7 ақпаннан бері келіп түскен құжаттардың басым бөлігі Астана және Ақмола облысынан тіркелген. Жалпы бағдарлама аясында 3000-нан астам қыз-келіншектің білімін жетілдіру қарастырылып отыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Елімізде ең жоғары жалақы төленетін жұмыс орындары аталды