Атырау облысында ауыл көшелерін су басты

13.02.2024 03:03

Үйлерге айтарлықтай зиян келген жоқ

Almaty.tv

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында 3 күннен бері табиғи апат елді әбігерге салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Апат айтып келмейді. Соңғы күндері Мұқыр ауылында ауа райының күрт жылынуы салдарынан ауылды тұтас қар мен жаңбыр суы басып қалды. Қатты қарқындағы ағын су жолды да жайпап өткен. Үш күннен бері арпалысып, ендігі апаттың алдын алуға әрекет етіп жатқандардың айтуынша, сай бойындағы 6 құбырдан да көмек болмай тұр.

– Биыл 8-9 ақпанда күннің күрт жылынып және жаңбырдың жаууына байланысты қар еріп, ауылдағы сай арнасынан тасыған болатын. Тұрғын үйлер мен қора-жайларды аман алып қалу мақсатында ауылдық округ аппараты тиісті жұмыстар жүргізді, – деді Мұқыр ауылдық округінің әкімі Азамат Жақсиев.

Үйлерге айтарлықтай зиян келген жоқ. Мамандар ауылдың шеткі көшелерін су басқан кезде, бірден арнаны бөгей алған. Бұл мақсатта 40 тонна қиыршық тас төгілген. Ал аулаға жиналған су арнайы құрылғымен сорғызылыпты.

– «Ноғайты» өзенінің деңгейі бірқалыпты, оның жағаларын бекіту және сеңді алу жұмыстарын жүргізуге 6 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар тұрғын үйлердің ауласына топырақ төгіліп, бөгеттер жасалуда, – деді Қызылқоға ауданы ТЖБ бастығының міндетін атқарушы Бақтыбек Төлегенов.

Мұқыр ауылында қазір 4 мыңға жуық азамат бар. Өткен демалыста елдің есін алған тасқын қазір толығымен қалыпты деңгейде, сондықтан төтенше жағдай жариялауға негіз болмаған. Мектеп оқушылары да штаттық режимде оқып жатыр. Аудан әкімінің айтуынша, алаңдауға еш себеп жоқ, әрі ауылға төнген қатер толығымен сейілді.

Жұлдыз Қайрат,Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жол жоқ: Ауыл тұрғындары уәдесінде тұрмаған қала әкімін сынға алды