Бұдан былай Алматы тұрғындары қаңғыбас ит көрсе, дереу «109» жедел желісіне хабарласуына болады. Осы арқылы өтініш нақты категория бойынша қабылданып, шұғыл көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін қаладағы ветеринарлық қызмет жарты жылда атқарған жұмыстарын қорытындылады. Нәтижесінде, осы уақыт аралығында қалада 10 мыңға жуық қаңғыбас ит пен 100-ден астам көше кезген мысық ауланғаны анықталды. Қазір Алматыда иттерді аулау гуманды жолмен жүргізіледі дейді мамандар. Жануарларды жарақаттамас үшін арнайы торлар мен гельді ілмектер қолданылады.
«Дегенмен, біз бұрынғы колл орталық нөмірін әлі өшірген жоқпыз. Өтініштер қазір екі жақтан да қабылданады. Бұл халықтың шатасып қалмауы үшін жасалып отыр. Ал «109» желісі бойынша, түскен арыздар нақты екі категория бойынша сараланады. Мекемедегі барлық қажеттіні желіге енгіздік. Қаңғыбас ит-мысықтан төнетін қауіп категориясының ішінде қауып алу, шабуыл секілді тармақтары бар. Мақсатымыз – жұртқа жедел көмектесу», – дейді Алматы қалалық ветеринарлық қызметтің қараусыз жануарларды аулау бөлімінің басшысы Әйгерім ЖАҚСЫЛЫҚ.