Баяғы жартас – сол жартас: Ақжар ауылының тұрғындары қоқыс иісіне тұншығуда

29.02.2024 02:30

Көктемде қар еріп, малдың өлексесі сасиды

elements.envato.com

Жетісу облысындағы Ақжар ауылының тұрғындары қоқыс полигонынан зардап шегуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Ауылдан 700 метр қашықта орналасқан жерге қоқыс қана емес, малдың өлексесі де тасталады. Әрі 3 ауылдың қоқыс қалдығы да осында жеткізіледі.

- Бұл қоқыс полигоны неше жылдан бері тұрғындарға қолайсыздық тудырып келеді. Ауыл әкіміне, аудан басшыларына да айттық. Көктемде қар еріп, малдың өлексесі сасиды. Тасжолға дейін полиэтилен пакеттері ұшады, - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Серік Байсалбаев. 

- Өздеріңіз көріп тұрғандай, қоқыс төгетін орын өте қолайсыз. Ауылымызды жағымсыз иіс жайлап жатыр. Тұрмыстық қалдықты басқа қайда апарамыз? Бұл жерден алыстау орын бар еді. Ол жерге төгуге рұқсат жоқ, жеке шаруа иелігі, - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Қиса Хәбиден

Ауылдық округтің әкімі тұрғындар сөзімен келіспейді. Ол тұрмыстық қалдық тастайтын орынның заңды екенін айтып отыр.

- Қоқыс төгетін жер санитарлық талаптарға сай келеді. Бізде мал өлексесін тастайтын орын бар. Бұл толықтай адамдардың кінәсі. Полигонды шамамыз келгенше тазалап, күтіп ұстап отырмыз, - дейді Ақжар ауылдық округінің әкімі Елес Жапарғалиев.

Полигонның аумағы – шамамен 5 гектар. Көктемде өрт тұтанса маңайдағы ормандар мен басқа да нысандарға қауіп төнуі мүмкін деп тұрғындар дабыл қағады. Ал округ әкімі полигонның орны заңды болғандықтан, басқа жерге ауыспайтынын жеткізді.

Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда 3 жарым мың тұрғын үйді су басуы мүмкін