Отбасы күні: Кішкенебаевтар әулеті ережеге сай қандай есеп береді

15.05.2024 23:45

23 жыл бұрын жазылған ереже қабырғаға ілінген

Almaty.tv

Бүгін – халықаралық отбасы күні. Жанұяның береке-бірлігі  балалардың болашағына тікелей әсер етпей қоймайды. Осыдан 2 жыл бұрын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында көпшіліктің көзайымына айналған Кішкенебаевтар әулеті осы ұстаныммен жүретінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бақыт Айдарұлы мен Бақытжан Битманованың 47 жыл бұрын бас қосқан. Бүгінде 6 ұлы жеке шаңырақ көтерді. Мектепте оқып жүргенінде танысып, кейін отбасын құрыпты. Балалары есейгенде, олардың дұрыс жолдан тайып кетпеуі үшін екеуара келісіп, отбасы конституциясын бекіткен.

– Наурызда есеп беріп отырамыз. Үш жылдан кейін нәтиже бере бастады. Бұл – 2001 жылы басталған бастама. Балалардың қалыптасып кетуіне көмегін тигізді, – деді отағасы Бақыт Кішкенебаев.

– Өзіміз тәрбиелі болуымыз керек. Екеуіміздің ара-қатынасымыз, сөйлегенде, жүргенде, тұрғанда әр әркет пен айтылған сөзге сақ болуымыз керек. Өмірі ұрысып көрмеппіз, – деді отанасы Бақытжан Битманова.

Балалардың барлығы әке ізін қуып, инженерлік, шаруашылық саласын таңдаған. Әрқайсысы жеке шаңырақ болса да отбасылық мерекелерді, туған күндерді міндетті түрде бір дастархан басында қарсы алуды дәстүрге айналдырған.

Кішкенебаевтар жанұясының 23 жыл бұрын жазылған ережесі қабырғаға ілінген. Әулеттен бөлек шыққан отбасындағы балалар да үйіне қоюға міндеттелген. 20-дан аса тармағы бар конституцияда өзгелерге сыйластық, кез келген қиын жағдайда отбасыға арқа сүйеу, зиянды әдеттерден аулақ болу сынды ережелер қамтылған. Олардың айтуынша, отбасы мүшелері ережені қалай сақтағаны туралы жыл сайын есеп береді әрі пайдасын көріп келеді.

– Ағаларымының бәрі 4-5 деген бағамен оқыды. Бір жылы бір сабақтан 3 алып қалдым, есеп берген кезде, намыстандым. Ал  1-2 жылдан кейін сабақты жақсы оқып, грантқа оқуға түстым, – деді отбасының кенже ұлы Дәулет Кішкенебаев.

– Ең бірінші келін болып түскен кезде, отбасында ережемен таныстық. Көргенде таңқалғанмын. Жауапкершілікпен қараймыз. Өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына да соны сіңіріп, жақсы қасиетін арттыра аламыз, – деді отбасының үлкен келіні Айгүл Сүлейменқызы.

Сенім мен татулық бар жерде ғана отбасы біртұтас болады деген әулетте 22 немере бар. Бірлігі жарасқан жанұя бекітілген ережелер ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала беретініне сенімді.

Жансая Олжабек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Jas Gala: Алматыда жеңімпаздар марапатталды