Ішкі істер министрінің тапсырмаларын орындау мақсатында бүгінгі күні Полиция департаментінің барлық бөлімшелерінде бірінші кезекте жеке құрамға алғашқы медициналық көмек көрсетуге бағытталған медициналық кабинеттер құрылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Пандемия айтарлықтай өзгерістер енгізді. Полиция бөлімдеріне білікті мамандарды тарта отырып, арнайы фельдшерлік пункттерді шұғыл ашу қажеттілігі туындады. Бірінші кезекте медициналық қызметкерлер суық тиюдің және басқа вирустық инфекциялардың алғашқы белгілерін анықтауға бағытталған. Ары қарай науқасты оқшаулау, оған алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ мамандандырылған медициналық мекемелер базасында толық диагноз қою бойынша шаралар қабылданады. Осылайша, кез келген вирусты ерте сатысында анықтауға жағдай жасалды және оның таралу қаупі барынша азайтылды», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абдуали Нашарбеков.
Спикер сонымен қатар, медициналық кабинеттер тек полиция қызметкерлеріне ғана емес, сондай-ақ, аудандық полиция басқармаларына келген азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті дәрі-дәрмектермен жабдықталғанын атап өтті.
«Жұмыс күні кіреберістегі полиция қызметкерлерінің температурасын өлшеуден басталады. Суық тию белгілері пайда болған жағдайда, біз алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Бізге келушілерде денсаулығына байланысты жиі жүгінеді. Білікті көмек тиісті деңгейде көрсетіледі. Шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда жедел жәрдем бригадасын шақырамыз», - дейді, Алмалы аудандық ПБ-ның медициналық қызметкері Милан Искендарова.