ҚР жер заңнамасы бойынша 33 заң бұзылған
Алматыда «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 17 гектардан астам жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«AMANAТ» партиясының Алматы қалалық филиалында партиялық бақылау комиссиясы мен «Жер аманаты» бірлескен отырысы өтті, оның барысында жұмыстың аралық қорытындылары шығарылып, алдағы міндеттер айқындалды.
Іс-шараға мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары, прокуратура мен Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаментінің басшылығы, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты.
Отырысты аша отырып, «Жер аманаты» қалалық комиссиясының төрағасы, партияның Алматы филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев пайдаланылмаған және заңсыз бөлінген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
«Алматы қаласындағы «Жер аманаты» комиссиясы қоғам белсенділері мен тұрғындардың мәселелерін қарады. Мәселен, партияның және үйлесімді бірлескен жұмыстың көмегімен пайдалану құқығы тоқтатылып, ауданы 17 гектардан асатын 26 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды», - деді М.Отыншиев.
Ол партияның қалалық филиалына жер учаскелерін қайтару бойынша өтініштер келіп түсетінін және осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылатынын атап өтті.
Отырыс барысында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әміржан Нәбиев, Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Ержан Тәшпенбетов, Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары Төлеуқан Исмаилов, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Құлболдинов, Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары Ералы Сауранбаев, Алмат Кодасбаев, Руслан Нұрлыбаев және басқалар сөз сөйледі.
Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ержан Тәшпенбетовтің айтуынша, есепті кезеңде департаментпен 40-тан астам тексеру жүргізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының жер заңнамасы бойынша 33заң бұзылған, оларды жою туралы нұсқама берілді.
Бұдан басқа, 2016-2018 жылдар аралығында КЕАҚ филиалы Алматы қаласының жер учаскелерін есепке алу, оның ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерлерді белгілеу бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл туралы Алматы қаласы Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Дастан Сәкенов мәлімдеді.
Естеріңізге салсақ, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында игерілмеген немесе заңсыз берілген жерлерге қатысты шаралар қабылдауды тапсырған болатын.