7 қаржы ұйымы қабылданатын адам санына шектеу қойды
Үйсіздер үмітін маздатқан «7-20-25» бағдарламасының талаптары қиындай түсті, деп хабарлайды Amaty.tv тілшісі.
Елордадағы банк бөлімшелерінде таңнан қарбалас. Тәуліктеп кезек торып жүрген мына жұрт күннің суығын да елең қылмайды. Үйден үміттілердің бірі - Ерасыл Төкенов. Елордалық жігіт баспаналы болуды көптен армандаған. Қаладағы жаңа тұрғын үй кешенінің бірінен болашақ пәтерін де таңдап қойды. Бағдарламаға қатысуға да өтінім берген. Бірақ жаңа талап бойынша үйдің ауылы алыстап кетіпті.
«Біз кешелі бері осында жүрміз. Автобус жалдап осында түнеп шықтық. Енді банкке үлгеріп кезегіміз келіп, рәсімдеп алсақ қуанышымызда шек болмас еді. Өтінім бердік, бірақ аламыз ба, жоқ па? Күтеміз, енді шешіледі», – деді қала тұрғыны Ерасыл Төкенов.
Бағдарламаның жаңа шарты бойынша өтінім қабылдайтын банктерде қатысушылар санына лимит қойылған. 7 қаржы ұйымы қабылданатын адам санына шектеу қойды. Осыған үлгеріп қалғандар үйлі болмақ. Бастаманың өзгерген бұл талабы қазақстандықтардың наразылығын тудырыр отыр.
«2023 жылы 7-20-25 бағдарламасына лимит қойылды. Әр банк кемінде 50 адамды ғана қабылдай алда. Қазақстан бойынша ажиотаж болып тұр», – деді ипотекалық брокер Бейбарыс Тұрсынғазин.
Елімізде бұл бағдарламаны іске асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінген. Оның 25 млрд теңгесі алғашқы 3 айда игерілуі керек. Енді банктер осы шекті орын аясында жұмыс істейді. Ал бастама талабының өзгеруін «Қазақстанның орнықтылық қорының» ресми өкілі қазынадан қарастырылған қаржының азаюымен байланыстырды.
«7-20-25 – Ұлттық банктің бардарламасы. Бұл – үкіметтің бағдарламасы емес. Жалпы, банк өз стратегиясы бойынша экономикаға араласуын қысқартады. Сондықтан бұған дейін жүргізіп келген бағдарламалардың аясын азайту керек», – деді «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ сыртқы байланыстар қызметі менеджері Айбар Олжаев.
Бағдарламадағы өзгерген тағы бір талапқа сай бірінші рет өтінім берген адам келіседе қатыса алмайды. Яғни, азаматтарға бір реттік қатысу мүмкіндігі берілген. Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасы жақын арада аяқталмайтынын хабарлады. Бастама елімізде 2029 жылға дейін жалғасуы мүмкін.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» теларнасы, Астана