Астанада жауапсыз құрылыс компаниясына алданған тұрғындар шу шығарды

Almaty.tv
Almaty.tv
Астанада әкімдіктің рұқсатысыз құрылыс бастаған 15 шақты мердігер бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада жауапсыз құрылыс компаниясына алданған тұрғындар шу шығарды. Мердігер мекеме былтыр үйдің іргетасын тұрғыза бастағанда салынбаған пәтерлерді сатып жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Нұрлы жол» вокзалының қасында орналасқан тұрғын үйдің құрылысы басталмай жатып тоқтап қалған. төрт-ақ қабаты қаланған баспананы құрылыс компаниясының бірі қолға алған. Алғашқыда жоспары жақсы болған мердігер, жарнамасын жаңғыртып қойып, үлескерлерден қомақты қаржы жинап алыпты. Үйдің құрылысы тоқтап қалған. Енді 9-10 миллион теңгеден алдын ала ақша құйған жұрт қаражатын қайтара алмай жүр.

«Басында «инвестор жоқ» деген. Қазір инвестор табылды. Бірақ жұмыс істеп жатқан адамды көрмедім. Ішінде бір де бір адам жоқ. Біз ақшамызды қайтаруын сұраймыз», – деді қала тұрғыны Ерлан Бердібаев.

Аталған мердігер компанияға бар үйін сатып, ақша салған адамдар да бар екен. «Қазанат 2» тұрғын үй кешенінен баспаналы боламыз деген Әсел Қамақанова анасының пәтерінің ақшасын толық төлеген. Қазір үйді жалға алып тұрып жатыр екен. Оның үстіне, ипотекасы тағы бар.

«Наурыз айында, сосын шілде, тамыз желтоқсан деп пәтерді қолданысқа беретін уақытын өзгерте береді», – деді қала тұрғыны Әсел Қамақанова.  

Бүгін осында оннан астам адам жиналды. Негізі салымшылардың саны жүзден асады екен. Сан соғып қалдық деген жұрт қалалық әкімдікке жүгінген. Анықталғаны, бұл жерге құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ. Яғни, мердігер дәл осы жерге үй салып жатырмын деп жергілікті билікке ескертпеген.

«Кейбір құрылыс компаниялары жерге құрылыс жүргізуге рұқсат алмай, үйді бастап кетеді. Заң бойынша олай істеуге болмайды. Қазір мына үйді тұрғызуды бастаған компанияға 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қазір қалада рұқсат етілмеген жерге құрылыс салынып кеткен 7 телім бар. Қалалық әкімдік жауапсыз мердігерлерге тек айыппұл салумен ғана шектелеміз. Себебі, заң солай», – деді  Орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы Шапағат Таулықов.

Алып компанияға миллион теңге айыппұл шыбын шаққан құрлы көрінбегенімен, үйін сатып 10 миллиондап ақша салған адамдарға ауыр тиіп жатқаны түсінікті. Ал мұны түсінбеген құрылыс компаниясының өкілі тұрғындарға «қайда шағымдансаңыздар да, өз еркіңіз» деумен болды.

Салымшылармен алғашында дәл осылай әңгімелессе, кейін сабасына түсті. Құрылыстың неліктен сағызша созылғанын түсіндірді. Қашан аяқталатынын айтты.  

«Мына үйде, жобаларда өзгерістер болды. Енді сол жоба қайтадан экспертизадан өтіп жатыр. Тексеруден өткеннен кейін, құрылысты жалғастыруға рұқсат аламыз. Ал мына «Қазанат» тұрғын үй кешені бойынша оны жазда жалғастырып, жылу маусымы басталғанша тұрғындарға тапсырамыз», – деді құрылыс компаниясының өкілі Әділбек Шәріпов.

Астанада әкімдіктің рұқсатысыз құрылыс бастаған 15 шақты мердігер бар Осы күні 300-ге тарта салымшы үйін ала алмай, ақшасын қайтара алмай жүр. Ал бүгін жиналған жұртқа құрылыс компаниясының уәдесіне сеніп, күтуден басқа амал жоқ.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров