Банкроттық рәсім: 7000-нан астам қазақстандықтың арызы кері қайтарылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Банкроттыққа өтінімді азаматтар eGov порталы, E-salyg-Azamat қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Банкроттыққа өтінім қабылдау басталғалы 7000-нан астам қазақстандықтың арызы кері қайтарылды. Оның ішінде 1000-ға жуық тұрғын банк алдындағы берешегін 5 жылдан аса уақыт бірде-бір рет төлемегені үшін көмектен қағылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осыдан бес жыл бұрын елордалық Бақытжанның басы берешекпен бәлеге қалып еді. Ақкөңіл азамат досына сеніп несие алып береді. Артынша ант су ішкен жолдасы жерге қаратып кеткен. Енді бір жылдан бері жиналған қарызды өзі өтеуге мәжбүр.

«Бір жігітке машина алып бергенмін, ол төлемей тұр. Қарыз миллионға жетті. Барлық карточкаларым бұғатталған. Жұмысқа ресми тұра алмаймын. Жалдамалы жұмыстың бәрі ақшасын төлемей, алдап кетеді. Енді көмек болатын шығар», – деді қала тұрғыны Бақытжан Майлыбаев.

Бас аманда банкке белшеден берешек боп жүрген қазақстандықтар саны қазір елде 1 миллион 180 мыңнан асады. Олардың қарыз  сомасы 1 триллион 100 миллиард теңге. Өтінім қабылдау басталған бір айдың ішінде 34 000 қазақстандық арыз беріпті. Түркістан облысында ең көп өтініш тіркелген. 5400 тұрғын қаржылық жағдайын жақсартуға көмек сұраған. Одан кейін Алматы облысында 4000 адам. Қазіргі таңда 2670 азаматтың соттан тыс банкроттығының рәсімі басталған.

«7000-нан астам адамның арызы қайтарылды. Себебі, талаптарға сай келмейді. Арыз берушілердің арасында 375 тұлға АӘК алушылар қатарына жатқызылады. 985 адамның қарызы 5 жылдан артық өтелмеген», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Банкроттыққа өтінімді азаматтар eGov порталы, E-salyg-Azamat қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады. Әр өтінім 2 апта бойы қаралады. Бір ескеретіні «банкрот» деп танылған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Кейін 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды. Сонымен бірге, азаматтың банкроттықтан кейін 3 жыл бойы қаржылық жағдайы тексеріліп отырады.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев.  «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Новости партнеров