«Карьер қазылмасын»: ауыл тұрғындары наразылық білдірді

18.08.2023 02:15

Мердігер мекеме 100 гектар жерге қазу жұмысын жүргізу үшін лицензия алған

Almaty.tv

«Ауыл іргесінен карьер қазылмасын». Тасқала ауылының тұрғындары осылай деп наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төрт жыл бұрын мердігер мекеме 100 гектар жерге қазу жұмысын жүргізу үшін лицензия алған. Содан бері Тасқала ауылының тұрғындары компания өкілдеріне, әкімдікке қарсылық білдірумен келеді. Көпшілік «шу көтерілген кезде қазу жұмысы уақытша тоқтатылып, кейін қайта басталады» дейді.

– Халық ауыл іргесіндегі карьердің қазылуына қарсы. Ал оны елеп, ескеріп жатқан билік жоқ. Осы мәселе бойынша биыл да көпшілік наразылық көрсетті. Соның арқасында карьер жабылды деген хабарды естідік, – деді ауыл тұрғыны Орал Дәрібаев.

Ал жауаптылар топырақты «ауыл ішіндегі құрылысы енді басталған мектепке тасып жатыр» деп ақталды. Тонналап жүк артқан «КамАЗ» көліктері ауыл ішіндегі кіші көпір арқылы жүріп келген. Осыдан 2 жыл бұрын оның әбден тозығы жетіп, компания өкілдері сыртқы жолмен жүруге уәде етіпті. Енді көпір жөнделіп, қайта пайдалануға берілгенде, жүргізушілер баяғы әдетіне басқан көрінеді.

– Салынып жатқан мектеп құрылысына еш қарсылық жоқ. Тек карьерді аулыға қашық жерден қазсын. Енді ауылдың жастары, халқы мен компания арасында түсініспеушілік болып, жанжал шығып кетуі мүмкін, – деді ауыл тұрғыны Ибат Матжанов.

Жауаптылар мектеп құрылысына жеткілікті топырақ алынған соң жұмысты толығымен тоқтатып, жерді мемлекет меншігіне табыстайтынын айтты. Ал қазуды бүгін тоқтатуды талап еткен тұрғындардан жұмыс шығынын өтеу үшін 15 млн тг сұраған сыңайлы.

– «Ауылға жаның ашыса, 15 жігіт жинап, 15 млн ақша бер, карьерді қазбаймын» деді. Бізден ақша сұрап отыр, – дейді ауыл тұрғыны Руслан Өтегенов.

– Үш жыл жұмыс істеуге мүмкіндік бермедіңіздер. Компанияның техника жалдайтын ақшасы жоқ. Көмек сұрасам, ешкім үндемейді. Сіздерге уәде беремін. Карьерді толық қазбаймын, мектепке тасып болған соң, жұмыс аяқталады, – деді мердігер компанияның басшысы Қадырбек Мағзомов.

Ауыл тұрғындары егер жұмыс тоқтамаса, күнде жиналып шу шығаратынын, тіпті карьер басына барып қонуға дайын екенін айтты. Халық арасына облыстық Табиғи ресурстар басқармасының өкілдері де келді. Олар бүгіннен бастап компанияның  жерді қазу лицензиясынан айырылғанын хабарлады.

– Бүгіннен бастап компанияның жер қойнауын пайдалануға лицензиясы тоқтатылды. Мекемеге заң бойынша 3 ай уақыт беріледі. Келіп, бар кемшілікті жойып, жұмысын істейді. Қазу жұмыстары жүрмейді, лицензияның күші жоқ, – деді Атырау облыстық Табиғи ресурстар басқармасының заңгері Сапарбай Қуанышев.

Облыстық табиғи ресурстар басқармасының өкілдері қазу жұмысының тоқтағанын айтты. Алайда тұрғындар жауаптылардың сөзіне илана қоймады.

Ұлағат Арғын, Нұрбек Шәйден, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Қостанайда жол апатынан 3 айлық нәресте қайтыс болды