«Қазақстан» шахтасынан 2 адамның денесі табылды

17.08.2023 22:54

Үш кенші әлі де іздестіріліп жатыр

Из открытых источников

Апаттан көз ашпайтын кәсіпорын. АрселорМиттал Теміртауға тиесілі «Қазақстан» шахтасынан 2 адамның денесі табылды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үш кенші әлі де іздестіріліп жатыр. Жалпы шахтадан 222 адам шығарылған еді.

– Іздестіру жұмыстарымен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы 5 бөлімшенің мамандары айналысып жатыр. Іздеуге қою түтін кедергі келтіріп жатыр. Құтқарушылар кеншілерді табу үшін қолдан келгенін жасап жатыр, – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Тау-кен бөлімі директоры міндетін атқарушысының орынбасары Сергей Огай.

Соңғы ақпарат бойынша, өрттен зардап шеккендердің саны 8 адамға жетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы олардың екеуі Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жатқызылса, қалған төртеуі Шахтинск қаласының орталық медициналық мекемесінде ем алып жатқанын мәлімдеді. Тағы жапа шеккен екі кенші анықталып, олар да ауруханаға жөнелтіліпті.

– Екі науқас «Қазақстан» шахтасында жарақат алынған. Қабылдау бөлімінде дәрігерлер қарағаннан кейін, жансақтау бөлімшесіне көтерілді. Диагноз – газды заттармен улану. Токсикалық, гепоксиялық консеваксия. Жағдайы бір қалыпты, ауыр дәрежеде. Науқас Шахтинск орталық ауруханасына жеткізілді. Қабылдау бөлімінде алғашқы көмек берілді, – деді облыстың бас штаттан тыс токсикологы Сәуле Смағұлова.

Айта кетейін, бүгін «АрселорМиттал Теміртаудың» көмір департаментінде өрт шыққан еді. Апат кезінде жер астында 227 кенші жұмыс істеп жатқан болатын. Жұмысшыларды эвакуациялау қапталдағы оқпан арқылы жүргізілді. Оқиға орнында төтеншеліктер мен компанияның құтқарушылары жұмыс істеп жатыр. Шахтада құрылыс немесе жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздікті сақтамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Қарағанды облысындағы шахтада өрт болғаннын еске салайық