Қарасай ауданына қарасты «Қаскелең автобус паркінің» жолаушылар тасымалдайтын автобустарының сапасы сын көтермейді! Осылай деп мәлімдеген тұрғындар Шамалған станциясындағы пойызбен соқтығысқан қоғамдық көлікте 67 адамның болуы автобустың жетіспеушілігінен екенін айтты деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Шамалғандағы жантүршігерлік апаттан қайтыс болған автобус жүргізушісі Нұрғали Тасқалиұлының осы паркте жұмыс істегеніне небәрі екі ай ғана болған. Әріптестері оны жұмысына өте тиянақты, жауапкершілігі мол азамат еді деп еске алады.
«Үнемі тап-таза жүретін. Уақытынан кешігу деген болған жоқ. Өзінің жұмысына ұқыпты, тиянақты атқаратын. Өз өмірін қиса да, мүмкіндігінше адамдарды аман сақтап қалуға тырысты», – дейді «Қаскелең автобус паркінің» диспетчері Гүлнар ДАУПЕКОВА.
Марқұм жұмыс істеген №456 бағытта бар болғаны 9 автобус жүреді екен. Себебі, қоғамдық көліктер әбден ескірген. Бір күн жүрсе, он күн жөндеуде тұрады.Соның кесірінен 33 адамға шақталған автобусқа екі есе жолаушы отыруға мәжбүрміз дейді тұрғындар.
«Бәрі ескі. Жаңалауға ақша жоқ па? Айтқанмен пайда жоқ», – дейді жолаушылардың бірі.
«Әйтеуір жастар үлкен ғой деп орын береді. Әйтпесе, сығылысып бір жерге жету қиын», – дейді екіншісі.
«Бұл жердегі автобустардың бәрі ескі. Жаңасы жоқ. Кейде жарты сағат сайын келіп тұру керек келмей қалады да бір автобусқа екі автобустың адамдары мінеді. Жолда бұзылып қалады, басқа болады. Сондықтан да жаңалау керек», – дейді келесі бірі.
«Шамалғанда халық көп қой. Студенттердің жартысы Шамалғаннан келеді. Автобусқа адамдар сыймай тығылып барамыз», – дейді ашынған жолаушы.
Өткендегі қайғылы оқиғадан кейін тұрғындар автобус мәселесін жаңартуды да көздеп отыр. Қазір біз 456 бағытқа қарайтын «Қаскелең автобус паркіне» келген болатынбыз. Басшылық құрам жұмыс орнында болмай шықты
Осылайша хатшы қыз бастығын алғашында парк аумағында жүр десе, артынша облыс әкімімен кездесуге кетті деп директордың қайда жүргенін нақты білмейтін болып шықты. Қала берді ұялы телефондарына қоңыпау шалып, жауап ала алмадық.