Арзандатылған билет мәселесі реттеліп жатыр
Тозығы жеткен теміржолдағы жүрдек көліктерді жаңалау әзірге мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Батыс пен Шығысты, Арқа мен оңтүстікті жалғайтын жүрдек пойызға қазір елдің айтар базынасы басым болып тұр. Ақысын төлеп темірді тақымдаған жұрт айшылық алыс жерлерге кешігіп, зорға жетіп жатады. Отарбаның іші де оңбай тұр. Жаз болса ауа жоқ, қыста қалтырап барасың. Министр мәліметіне сүйенсек, қазір қолданыстағы вагондардың тең жартысы тозған. Барлығын бірден жаңалау мүмкін емес көрінеді.
- Вагондардың тозу деңгейі - 44%. Бір мыңға жуық қосымша жаңа вагон келе жатыр. Бірақ 20-25 жылдық ескі вагондарымыз да бар. Ескі вагондарды желіге шығарғанымыз үшін бізді кейде сынға алып жатады. Алайда олай істемесек, тапшылық сезіледі, қарым-қатынас болмай қалады, - дейді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
- Елдің есін шығарса да, ескіден құтылудың әзірге жолы жоқ, - деді министр.
Қолданысы ширек ғасырдан асса да, тозған вагондарды алып тастау мәселені шешпейтін көрінеді. Теміржолдағы түйткілді реттеу үшін әлі бірнеше жыл керек екен. Қосымша қаражат көзі, мемлекет, үкімет тарапынан субсидияны қажет етіп тұр. Жердегі ғана емес, көктегі көліктердің де жағдайы мәз емес. Санавиациядағы ұшақтардың қызмет ету мерзімі де 40 жылдан асып кетіпті.
- Енді қарапайым ел аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме деп қорқады. Хош, Қостанайда суға қонамын деп төбесімен төңкеріліп түскен санавиацияға тиесілі АН-2 ұшағы біраз былықтың бетін ашты. Қазбалап кеп жібергенде, жантүршігерлік жайттар әшкере болды. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Соның тең жартысы АН-2 ұшағының еншісінде, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Жұртты әбігерге салатын тағы бір мәселе - билет тапшылығы. Әсіресе, жаз кезінде Алакөл мен Балқашқа ағылған ағайын орын таба алмай сарсаңға түседі. Жауыр болған жылдағы жағдай биыл қайталанбайды деп сендірді министр. Оның сөзінше, алдағы туристік маусымда айдынды өлкеге қатынайтын 12 пойыз қатарға қосылыпты. Балқашқа баратын жолға да қосымша теміржол көліктері беріледі.
- Арзандатылған билет мәселесін де реттеп жатырмыз, - деді министр Марат Қарабаев.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана.
Оқи отырыңыз: Туристік маусым 2024: Алакөлге пойыздар қатынайды