Атырау облысына қарасты Сарайшық қаласынан көне кесененің бөлігі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғалымдар сары топырақ астынан шыққан нысан – бұған дейінгі зерттеулерде кездеспеген тың дерек дейді.
Тың деректі археологтар Көне Сарайшық қаласынан қазба жұмыстарын жүргізу кезінде тауыпты. Кесене дәлізі шамамен 15-16 ғасырға жатады. Күйдірілген кірпіштен берік әрі сәнді қаланған кесененің күмбезі қираған екен. Бірақ қабірге кіріп-шығатын жабық дәліз сол қалпында сақталыпты. Есігі оңтүстік шығысқа қараған дромостың ұзындығы 170, ал биіктігі - 60 сантиметр. Археолог бұл дәліздің жартылай қазылған бөлігі ғана дейді.
«Сарайшық қаласында осындай кесенелер бұрын да анықталған, бірақ олар қатты бүлінген болатын. Бұл кесененің ерекшелігі – дромосының толық сақталуында. Осындай үлгідегі кесенелерде белгілі, қоғамдағы статусы жоғары адамдар жерленгені анық», – деді археолог Амангелді Заинов.
Археологтар қазба жұмысын үш бөлікке бөліп жүргізіпті. Сол жұмыстың нәтижесінде бұл маңнан дәлізге жалғасқан көлемді қабірдің қабырғалары да табылды.
«Бұл кесенені салуға сары және қызыл кірпіштер пайдаланылған. Сары кірпіштер – Алтын орда дәуірінің ескі кірпіштері, ал қызылы құрылыс салынарда күйдіріліп жасалғаны анық. Бұл – Сарайшықтағы ең сирек кездесетін нысан», – деді студент Ерасыл Өмірбек.
Сарайшықтан табылған тарихи мұра бұл ғана емес. Дромостың оңтүстік бөлігінен шаруашылық бөлме де анықталыпты. Онда қыш құмыралар мен сәндік бұйымдар және орта ғасырлық Алтын орда тиындары табылған. Археологиялық нысан алдағы уақытта толыққанды зерттелмек.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: СҚО-да тұрмыстық бұйымдар табылды