|
22.08.2019 | 18:22
1842

14 жастағы Магамед мейірімді жандардың көмегіне зәру

Ем-домның алғашқы кезеңі Гаитовтер әулетіне 40 мың АҚШ долларға шыққан

14 жастағы Магамед мейірімді жандардың көмегіне зәру

Өмір сүруге мүмкіндік. 14 жастағы Магамед мейірімді жандардың көмегіне зәру. Қазір ол белоруссиялық онкологтардың жіті бақылауында, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақ қан ауруына шалдыққан балақайдың елімізде алған емі әсер етпей шетелдік дәрігерлерге жүгінген. Алда тағы бір химиялық терапия күтіп тұр. Алайда оны төлейтін ата-ананың қаражаты жоқ.

Түсірілім тобы келетінін естіген Магамедтің сыныптастары бізді күтіп алды. Достарын асыға күткені түрлерінен байқалады. Әзірге қолдан келетіні үйге тез оралуын тілеу.

«Біз оның тезірек жазылып, ортамызға оралғанын қалаймыз», – деді сыныптасы.

«Магамед, біз сені сағындық. Қалайсың? Не істеп жатырсың? Тезірек ортамызға орал», – деді екінші бірі.

«Магамеджан сегіз қырлы бала.  Өзі нәзік болғанымен, ержүрек мінезі де бар. Білімді, бастауышта өзін жақсы жағынан көрсете білді», – деді мұғалімдерінің бірі.

«Жақсы дос едік. Онымен күнде бірге ойнайтынбыз. Бір-біріміздің үйімізге барып тұрушы едік. Сол кездерді сағындым. Тезірек оралғанын қалаймын», – деді досы мұңайып.

«Көп түкірсе - көл» деген нақылдың мағынасын жақсы түсінетін Магамедтің әкесі қайырымды жандардан көмек сұрайды.    

«Менің балапаныма лейкоз диагнозын қойды. Алғашында соқыр ішек деп ойладық, дәрігерлер де солай деді. Кейін тексеріс барысында осы ауруға шалдыққаны анықталды. Алматыда екі жыл ем қабылдадық. Әсер болмаған соң, Түркия, Оңтүстік Корея, Белоруссияның емханаларына шықтық. Қазір балам анасымен бірге Минскте химия териапия қабылдап жатыр», – деді Магамедтің әкесі Хамражан ГАИТОВ.

Қазір науқас шет елде негізгі емге дайындықты аяқтап, клофарабин препаратын қолдануды бастап кеткен. Бұл дәрі Қазақстанда қолданылмайды екен. Ем-домның алғашқы кезеңі Гаитовтер әулетіне 40 мың АҚШ долларға шыққан. Алда екінші кезек. Дегенмен оған шырылдаған ата-ананың қалтасы көтермейді.

«Шетелдік дәрігерлер аз да болса бізге үміт сыйлап отыр. Біз бұл мүмкіндікті жіберіп алғымыз келмейді. Дегенмен қалтамызды қағып жатқаны жасырын емес. Алғашқы кезеңі 40 мың доллар болды, екінші кезеңі де сондай сома. Сол себепті жүрегі жомарт жандардан көмек сұраймыз», – деді Магамедтің анасы Сәдігүл ХАСАНОВА.

Магамед соңғы уақытта гематолог дәрігері болсам деп армандайды. Өзі секілді балаларды емдеймін дейді. Магамед Гаитовқа көмек қолын созам деушілер экранда көрсетілген шот нөмірлері мен төлек деректемелеріне жіберсе болады. Жақсылық жасауда жарысайық.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы Алматы облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир