Алматылықтар жиған гуманитарлық көмек Орал, Ақтөбе қалаларына жіберіледі

02.04.2024 00:14

Алмалы ауданындағы комьюнити-орталықта орналасқан штаб күнделікті кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді

Almaty.tv

Алматы тұрғындары жинаған гуманитарлық көмек осы аптада су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жіберіледі. Қазір қабылдау пунктінде 30-дан аса ерікті жұмыс істеуде. Ал мегаполис тұрғындары сұраныстағы заттарды үздіксіз жеткізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қиын жағдайда қалған өңірлерге қол үшін созу үшін гуманитарлық көмек қабылдау пункті жұмада жұмысын бастаған. Қазір 500 келіден аса қажетті дүние жиналған. Алмалы ауданындағы комьюнити-орталықта орналасқан штаб күнделікті кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Қажетті заттарды ниет білдіруші кез келген адам келіп өткізе алады. Қала тұрғыны Сағат Сәдібекова – пункт ашылғанын ести сала, көмек қолын созуға асығып келгендердің бірі.

– Халықтың басына күн туып жатқанда, қалай қарап отырамыз? Ана жақта ағайындар, туыстар, бауырлар баспанасыз қалып жатыр. Сондықтан қолымнан келгенінше көмегімді беруге келдім. Жылы көрпелер, кішкентай балаларға және үлкендерге киім әкелдім, – деді қала тұрғыны Сағат Сәдібекова.

Мұнда 30-дан аса ерікті заттарды қабылдап, сұрыптап, қораптарға бөлуді қолға алған. Біразы қайырымды іс пен оқуды ұштастырып жүрген көрінеді. Олардың айтуынша, телефонға дамыл жоқ.

– 11-сынып оқушысымын. Кеңсе телефонына 700 адам хабарласты, – деді ерікті Зейнеп Болатқызы.

Қабылдау пунктінің өкілдері гуманитарлық көмек көрсетуге керек заттардың тізімін жариялаған және сол бойынша қабылдайды. Оның ішінде азық-түлік пен ауыз су, дәрілік заттар, жылы киімдер, көрпе-жастық, тұрмыстық және гигиеналық заттар бар. Оларды түрлі санатқа бөліп жинау қолға алынған. 

– Тізімді өңірлермен ақылдаса отыра жасадық. Бірінші көмек партиясын Орал, Ақтөбе қалаларына осы аптада жіберуді жоспарлап жатырмыз, – деді қалалық волонтерлер фронт-кеңсесінің жетекшісі Бағдат Анарбаева.

Қажет болған жағдайда еріктілер эвакуацияланғандарға көмектесу үшін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге де барады. Ал көмек қолын созуға ниет білдірушілер Алмалы ауданының комьюнити орталығына келіп, қажетті заттарды тапсыра алады.

Жансая Олжабек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Байланыс нөмірлері: +7 747 821 64 78; 7 747 540 01 40

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырды