Әкімдер су тасқынына қарсы іс-шаралармен айналыспаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық штабтың отырысын өткізіп, апаттың болатынын болжау жұмыстары дұрыс жүргізілмегенін сынға алды. Қазақстанның су басқан өңірлерінде құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Тағы бірнеше ауыл мен ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны болған аймақтардағы мектептерде сабақ онлайн форматқа көшіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Республикалық штаб отырысын өткізген Мемлекет басшысы осылай деді. Қауіп сейілмегенін жеткізген Президент басты міндет – адам шығынына жол берілмеу керек екенін еске салды.
– Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Топан судан қатты зардап шегіп жатқан аймақтардың бірі – Батыс Қазақстан облысы. Өңірдегі 9 ауданды су басу қаупі бар. 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Орал қаласының өзінде де жағдай қауіпті. Жайық, Деркөл, Шаған өзендері арнасынан асуы мүмкін. Себебі аталған өзендердегі судың деңгейі тәулік ішінде бір метрге көтерілген. "Батысқа барып, бұқараның жағдайын өз көзіммен көрдім" деген мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев топан су бүкіл ауылдағы үйді қорасымен, малымен қосып ағызып әкеткенін айтты. Тақтайдан тегіс болып жатқан асфальттың өзін опырып тастапты. Ал суға кеткен малдың есебіне жету мүмкін емес. Депутат «залалды есептеуде бюрократияға жол берілмеуі қажет» деп есептейді.
– Қандай тұрмыстық техника тұр, соның бәрі өтелуі керек. Мал шығыны бар. Бәріміз ауылдың баласымыз. Үйде он сиыр болса, шамамен бесеуін тіркейді, бесеуі тіркеусіз жүре береді. Бірақ комиссия құжат сұраған кезде, бес сиырдың өтемін беруі мүмкін. Осындай жағдай болмауы керек. Ауылдың халқы өтірік айтпайды, мен оған сенімдімін, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев
Президент штаб отырысында су тасқынынан зардап шеккен адамдарға қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін жеткізді. Мемлекет басшысы осындай қиын сәтте елдегі кәсіпкерлер мен ірі компаниялар бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіретініне сенетінін жеткізді.
– Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің қатысуымен өткен жиыннан кейін Болат Өтемұратов қоры су тасқынынан зардап шеккендерге 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлгені белгілі болды. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры да су шайып кеткен үйлердің құрылысына 5 миллиард теңге көмек ретінде қарастырғанын жариялады.
Айтпақшы, Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әкімдіктер еріген қар суын елдімекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қауіп сейілді: Алматы облысындағы Қараой ауылының тұрғындары үйіне оралды