Автокөлік жуу мен өндірістік орындарда суды пайдалану тәртібі өзгереді

elements.envato.com
elements.envato.com
Тіршілік нәрін тұтынуды үнемдеу үшін министрлік шектеу шараларын қолға алып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде бұдан былай автокөлік жуу орталықтары мен өндірістік орындарда суды пайдалану тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тіршілік нәрін тұтынуды үнемдеу үшін министрлік шектеу шараларын қолға алып отыр. Бұрыңғыдай аста төк емес, енді қолдануға берілетін су көлемі айтарлықтай азаюы мүмкін.  

Қаланың қақ ортасында тұрған мына көлік жуу орталығына күніне 20-дан аса адам келеді екен. «Бір темір тұлпарды тазалау шамамен жарты сағат уақытты алады», - дейді ондағылар. Ал жүк көліктері мен автобустарды жууға келгенде шығын да, есеп те өзгеретін көрінеді.

«Жалпы бір жеңіл көлікке көп дегенде 8-10 литр су кетеді. Одан артық кетпейді. Шелекпен ешкім жумайды», – деді көлік жуу орталығының әкімшісі Ержан Амангелді.

Орталық мамандары мен оған жауапты ведомствоның мәліметі бір жерден шықпады. Су ресурстары және ирригация министрі бір көлікті жууға шамамен 200-250 литр су жұмсалады деп дабыл қаққан еді. Нұржан Нұржігітов осылайша тіршілік нәрін аста төк қылмай, есеппен жұмсап, үнемдеу керектігін айтты. Ол үшін арнайы тұжырымдама да әзірлеген. Енді кәсіпкерлік нысандарына су ресурсын пайдаланудың арнайы технологияларын енгізу қажет болады.

«Мысалы 1 көлікке 200-250 литр су кетеді деп есептейтін болсақ, онда көлемін 50 пайызға дейін азайтуға болады. Қайта пайдалану жүйесін енгізу арқылы тек ауыз суды толық 100 пайыз қолданбай, 50 пайызын қолданып отыруға болады», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрілігі департаментінің директоры Сержан Бекетаев.

Елдегі өнеркәсіп секторы жылына орта есеппен 5,9 текше шақырым таза суды тұтынады. Бұл тізімге шағын және орта бизнес нысандары, көлік жуу орталықтары мен моншалар кіреді. Бұл ретте табиғи ресурсты пайдалану тиімділігін арттыруға барлық негіз бар деді министрлік өкілі. Тапшылықты болдырмау әрі көрші елдерге тәуелді болмас үшін 20 жаңа су қоймасын салу көзделген. Қазір қолданыстағы 80-інің өзі әбден тозығы жеткен. Алдағы 2 жылда гидротехникалық нысандар тегіс жаңалаудан өтпек.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров