Мамандар жолда әлі де жөндеу жүргізілетінін айтты
Жезқазған тұрғындары қаланы абаттандыру бағдарламасы аясында жасалып жатқан жобаға қарсы. Биыл Жезқазған-Сәтбаев тасжолының 2,5 шақырымына қоршау қойылуы керек еді. Қала маңындағы кенттің азаматтары айналма жолға уақыт кетеді, әрі мектеп пен жұмысқа қатынау қиындайтынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың шағымы жиілеген соң, Комбинат кентіне арнайы бардық. Азаматтар мұндағы тас жолдан кентке кірер аумақтың жабылғанына наразы. Көше жиегі толығымен қоршалған.
– Комбинат кентінде тұрамыз. Барлық кіреберіс жолды жабуға қарсымыз. Алдында шарбақты жылжытуға рұқсат бергенбіз, бірақ кіреберіс жолдарды жабуға келіскен жоқпыз. Әкімдік бізден ешқандай келісім алған жоқ. Алда қыс келе жатыр, мына жердің барлығын қар басады. Бұл кіре берістерді жабу кіріп-шығуымызға кедергі. Бұған дейін асфальт, жаяу жүргінші жолы болған. Барлығын қырып алып тастады, енді батпақ кешуге мәжбүрміз, – деді Комбинат кентінің тұрғыны Оксана Нейман.
– Жолымызды жауып жатқанына мен де қарсымын. Ешқайсымызды адам құрлы көрмеді, ақылдаспады. Ойына келгенін істеп, мына жерге қоршау қойып тастаған. Жеке кәсіпкермін. Жем сатумен айналысамын, тауар әкелетіндер, сатып алатындарға кедергі келтіріп тұр. Тауар келмей қалса, кәсібімді жабуға тура келеді, – деді Комбинат кентінің тұрғыны Павел Горбачев.
Тұрғындардың базынасын алға тартып Жезқазған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарластық. Бізді қарсы алған бөлім басшысының орынбасары қоршауға қатысты тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түспегенін айтты. Әкімдік өкілінің айтуынша, атқарылған жұмыстың бәрі комиссия және МАИ қызметкерлерімен келісілген екен.
– Жезқазған қаласын көріктендіру бағдарламасына сай, биыл Жезқазған-Сәтбаев тасжолы бойынша 2,5 шақырым жолға қоршау қойылады. Оның 700 метрі орнатылды. Мердігерлік компания жұмыстарды жүргізіп жатыр. 31 желтоқсанда аяқталады. Тұрғындардан ешқандай шағым түспеді. Ол жерде бәрі келісілген. Көшенің кіреберіс жолдарын жаппайды. Ешқандай кедергі жоқ, – деді Жезқазған қаласы ТҮКШ бөлімі бастығының орынбасары Серік Оразбаев.
Мамандар жолда әлі де жөндеу жүргізілетінін айтты. Жоспарға сәйкес, алдымен канализация құбырлары салынып, инженерлік жұмыстар қолға алынбақ. Ал 2025 жылы аталған аумаққа асфальт төселеді.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиза Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыздар: Алматыда жаңа велосипед жолағы пайда болды