Ақтауда мұзайдынның құрылысы кейінге шегерілді

 Almaty.tv
Almaty.tv
Қысқы спорт түрімен шұғылданатын балалардың ата-анасы ай сайын қыруар қаражат төлеуге мәжбүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда мұзайдынның құрылысына көпшілік наразылық білдірді. Себебі жұмысты бастаған жауапты компания қаражаттың қолбайлау болғанын айтып шаруаны тоқтатып тастаған. Енді олармен қала әкімдігі соттасып жатыр екен. Ал мәнерлеп сырғанаушылар ойын-сауық орталығындағы шағын мұзайдынға барып дайындалып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көпшілікке арналған кәсіби емес мұз айдынының шығыны шаш етектен дейді жұрт. Қысқы спорт түрімен шұғылданатын балалардың ата-анасы ай сайын қыруар қаражат төлеуге мәжбүр. Олар жергілікті әкімдік пен спорт басқармасы тарапынан ешқандай қолдау көрмей отырғанын айтады.

«Осы мұз айдынына келіп жүргенімізге 6 жылдан асты. Ай сайын 50 мың теңге төлейміз. Ал жеке үйрену үшін 80 мың теңгеден асып кетеді. Қосымша хореографымыз да бар, барлығын қосқанда 170 мың теңгеге дейін барады», – деді ата-ана Жанат Оразалиева.

Ата-аналар өз күшімен мәнерлеп сырғанаушылардың федерациясын құрған. Оған 30-дан аса спортшы тіркелген. Жаттықтырушының айтуынша сауда орталығында уақыт шектеулі әрі мұз алаңы тар.

«Біздің спортшылар республикалық, халықаралық жарысқа барғанда абдырап қалады. Себебі ондағы мұз айдыны біздің жаттығу жасап жүрген алаңнан 6-7 есе үлкен. Хореографиялық қойылым қою үшін де зал керек. Жағдай жасалса, жеңіске жетуге болар еді», – деді Мәнерлеп сырғанау федерациясының аға жаттықтырушысы Алена Понкратова.

Жергілікті спорт басқармасы 5 жыл бұрын чехиялық компаниямен келісімшарт жасаған. Мұз сарайының жоба құны – 4 млрд 600 мың теңге. Алайда мердігер осы уақыт ішінде міндетін толық орындамаған. Құрылыс қазір тоқтап тұр.

2500 көрерменге арналған мұз сарайының 1,5 млрд теңгесін мемлекет мердігерге төлеп қойыпты. Алайда талан-таражға түскен теңгенің кесірінен іс сотта қаралып жатқан көрінеді. Ал, нысанды салуды мойнына алған мердігердің шаруасына нүктені сот қоймақ.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы  

Новости партнеров