|
06.11.2023 | 19:19
3724

Астанада балаларға қызылшаға қарсы екпе салу басталды

Елордалық дәрігерлердің жоспардан тыс шұғыл шара қабылдауына елдегі қызылша ауруының өршуі себеп

Астанада балаларға қызылшаға қарсы екпе салу басталды Almaty.tv

Астанада балаларға қызылшаға қарсы жаппай екпе салу басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Иммундау апталығында 6-10 айға дейінгі сәбилер екпе алады. Елордалық дәрігерлердің жоспардан тыс шұғыл шара қабылдауына елдегі қызылша ауруының өршуі себеп.

Қазірдің өзінде бас қалада 260-тан астам тұрғын қызылшаның құрығына ілініпті.

Қазақстанда қызылша дертінің асқынып тұрғанына екінші апта. Эпидахуал әсіресе Шымкент, Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында ушығып тұр. Вирустың өршуін денсаулық сақтау бірінші вице-министрі азаматтардың екпе алмауынан деп түсіндірген еді. Оның айтуынша, ауырып жатқандардың басым бөлігі мектеп жасындағы балалар. Аурудың алдын алу үшін ақ халаттылар жоспардан тыс екпе салу науқанын қолға алды.

«Бүгінннен бастап 6-10 айға дейінгі балаларға қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталады. Содан кейін 5 желтоқсаннан бастап 2-4 жасқа дейінгі балалар екпе алады. Екпе бала үшін өте маңызды. Вакциналау арқылы оларды ауырудан сақтайсыздар. Қатерлі індетке қарсы қажетті екпе алмаудың салдары дерттің асқынуына соқтырып тұр», – деді қалалық №5 емханасы директорының орынбасары Ольга Инякина.

Астанада қазір 261 науқас қызылша жұқтырған. Оның 183-і – мектеп жасындағы бала. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, дерт дендегендердің дені балабақша, оқу орны мен және әскери бөлімдерде. Аурудың таралуын тежеу үшін елордалық сәбилерге жаппай екпе салына бастады. Алдымен 6-10 айға дейінгі, кейін 2-4 жасқа дейінгі балаларға екпе салынады. Иммундау апталығы желтоқсанға дейін жалғаспақ.

«Балалардың денсаулығы үшін екпе алған дұрыс. Себебі күнде қаншама жерге барады. Қай кезде жұқтырып алатынын білмейміз. Сондықтан бірден екпе алған жөн деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Алмагүл Амангелдіқызы.

Ел бойынша қазіргі уақытта қызылшамен ауырғандар саны 11 мыңнан асты. Жалпы сырқаттанған адамдардың 83%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 85%-ы – екпе алмаған балалар.

Камшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир