Алматы облысы, Іле ауданындағы жер үйден белгісіз себептен өрт шықты. Қызыл жалын жексенбі күні түнгі сағат 11:00 шамасында тұтанған. Нұрболат Жұмашұлының 4 баласы бар. Абырой болғанда бәрі дін аман, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өрт-сөндірушілер уақытылы келгенімен, көпке дейін қызыл жалынды ауыздықтай алмапты. Жылдар бойы жиған-тергенінен қапыда айрылып қалған отбасы көпшіліктен көмек сұрайды. Нұрболат Жұмашұлы бір күнде үй-жайсыз қалғанына әлі сене алар емес. Өрт үйдің қасындағы жазғы сарайдан басталған. Бастапқыда өзі сөндірмек болыпты. Бой бермеген қызыл жалын аз уақытта үйге жетіп, есіктен шығуға кедергі келтірген. Амалы қалмаған үй иесі 4 баланы біртіндеп терезеден сыртқа шығарып, сұм ажалдан аман алып қалған.
«Бұрын өртенген үйдің алдында ескі үйім болатын. Сол үйде тұрып жатырмын. Ол үйдің де төбесі жанып кетті. Амал жоқ, қайда барам осындай шақта? Балаларымды туған-туысқандарымның үйіне жіберіп жатырмыз. Олар бірнеше күн мектептен қалды. Мынаны істеуге шамам да жоқ. Осы баспанамды қайта қалыпқа келтіріп берсе деп тілеймін», – дейді Өтеген батыр кентінің тұрғыны Нұрболат ЖҰМАШҰЛЫ.
Өрттің жазғы үйден не себепті шыққаны әзірге белгісіз. Жалғыз болжам бар, өрт электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болуы мүмкін. 4 бөлменің барлығы да отқа оранған, тұруға келмейді. Мына төргі бөлмеге ғана от тимепті. Үй иесі мұны жақсыға балап отыр.
Отағасы денсаулығына байланысты жұмыс істемейді. Бұған дейін мына көлікпен жолаушыларды тасып, жан бағып жүріпті. 4 баланың нәпақасын да осы көлікпен тапқан. Өздеріңіз көргендей, қазір көліктің түгі қалмай жанып кеткен. Көліктен шыққан күлдің иісі қолқаны қабады.
Ауыл билігі бұл қайғылы жағдайға қарап қалмайтынын айтты. Бүгінде өрттің шығу себептері анықталып, сараптамалар тағайындалып жатыр. Отбасы көпбалалы және аз қамтылған санатқа жатқандықтан, олар – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жіті бақылауында. Қажетті әлеуметтік көмекті де алып отыр.
«Бүгінгі күнде жалға пәтер алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа 2-3 азаматқа хабарласқанбыз, олар қазір ұсыныс білдірсе, ол отбасыны жалға алған пәтерге көшіреміз. Одан бөлек, ауданымызда 3-4 инстаграм парақша бар, соған отбасының каспи нөмірін жібердік. Сонымен бірге, жағдайды кешелі-бері естіген ауыл тұрғындары да барынша көмек қолын созуда. Азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды әкеліп жатыр», – дейді Іле ауданы энергитический ауылдық округінің әкімі Бауыржан ЖҰМАБАЕВ
Ұлағат Арғын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы