Алматыда қауіпсіздік мамандары газ баллонын қолданғанда мұқият болуды ескертеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жетісу ауданында көгілдір отынға қосылмаған 150 шақты тұрғын үй бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көкшетауда газ баллоны жарылып, екі адам зардап шекті. Бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде болған апаттан бөлмелер арасындағы гипсокартонды қабат та қирап қалған. Тұрғындардың айтуынша, пәтерлерде бір апта бойы орталық газ болмапты. Ал Алматының өзінде әлі де пеш жағып, жылынып отырған үйлер бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Жетісу ауданындағы екі қабатты үй көгілдір отынға қосылғанымен, әр пәтерде әлі де газ баллоны бар. Тұрғындар мұның себебін кейде газдың қосылмай қалуымен байланыстырады. Бүгін тексеру жүргізген құтқару қызметінің мамандары осындай үйлерді аралап, қауіпсіздік ережесімен таныстырды.

«Бүгін арнайы келіп, тексеріс жүргізген өрт сөндірушілерге көп рахмет! Айтып жатқан қағидаларын қолдануға тырысамын. Шынымен де, ең қауіпті жағдайдың алдын алу үшін ескертіп жатыр», – дейді қала тұрғыны Төлеужан Төлеуханов.  

Мамандар берген ақпарға сүйенсек, Жетісу ауданының өзінде көгілдір отынға қосылмаған 150 шақты тұрғын үй бар. Оның басым көпшілігі жеке үй. Қауіп те осында. Құтқарушылар бір ғана салғырт әрекеттен немесе ереже сақтамаудан аса үлкен қауіп туатынын көпшілік жете түсінуі керек, ал пеш қолданудың өз талабы бар дейді.

«Екі қабатты үйден жоғары қолдануға болмайды. Ал қолданған кезде өз ереже, талаптарын сақтауы тиіс. Кіреберістен бір метрлік жерден темір жәшік арқылы қолдануға болады. Ал көп тұрғын үйде ондай мүмкіндік жоқ», – деді Жетісу аудандық ТЖБ бас маманы Айдын Дулатов.

Тастанды күйге түскен тағы бір үй 2 ай бұрын ғана жатақхана болған. Қазір күйік пен сынықтан өзге түк қалмады. Мамандар мұнда газ баллоны жарылған дейді. 2 қабатты көршілес үйлердің тұрғындары дәл осы ғимараттың тағдыры қайталана ма деп қорқады.

15 отбасы мекен еткен үй бір ғана газ баллонының жарылуы салдарынан қирап қалған. Апаттан аман қалудың жолы – сақ болу мен сақтану екенін ескеру керек. Күні кеше Көкшетауда болған жайт та соның бір дәлелі. Абырой болғанда, адамдары аман. Ал тұрғындарды қауіпсіздік талабын жіті сақтауға шақырған мамандар газ баллонын қолданғанда мұқият болуды ескертеді.

Мадина Оқас, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров