Қазақстанда 3679 мектептің дабыл қондырғысы полиция бөлімшесіне жалғанды

Облыс орталықтары мен ірі қалалардың мектептері «SOS» батырмасымен жабдықталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдегі 3679 мектептің дабыл қондырғысы полиция бөлімшелеріне жалғанды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы Әділ Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, мектептерден келіп түскен бейнедеректерді жедел басқару орталықтары мен ішкі істер органдарының кезекші бөлімдері үнемі назарда ұстайды. Қазіргі уақытта барлық білім беру ұйымдарының аумағындағы нысандардың сыртқы және ішкі бейнебақылау камераларын аумақтық полиция бөлімдерінің жедел басқару орталығына қосу бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар, облыс орталықтары мен ірі қалалардың мектептері «SOS» батырмасымен жабдықталған.  

«Жалпы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметінің қатаң бақылауында. Үкіметтің бірқатар отырыстарында аталған проблема қаралды. Осы кеңестердің қорытындысы бойынша ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін жарақтандыру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда бүкіл 7 370 білім беру ұйымы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, оның 40 пайызы ірі қалаларда орналасқан», - деді ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы Әділ Сәрсенов.

Сонымен қатар, көшелердегі 145 мың бейнекамера Ішкі істер министрлігі жүйесімен интеграцияланған. Спикердің айтуы бойынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Кілемді жабын» жобасы қолға алынған.  

«Қазір полицияның қызметтік кабинеттері мен арнайы мекемелерде 18 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. «Цифрлық полицей» – полиция қызметкерлерін оқиғаларды онлайн трансляциялау арқылы бейнетіркегіштермен және құқық қорғау органдарының арнайы дерекқорлары мен ақпараттық жүйелеріне қосылған планшеттік құрылғылармен жарақтандыру. Бүгінде сыртқы қызмет полицейлері 100% қызметтік планшетпен жабдықталған», - деді Әділ Сәрсенов.

Новости партнеров