Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл облысында жүр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына іс-сапармен барды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірге келе сала ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қосқан Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ізін ала жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кейін Тараз қаласындағы студенттер үйіне жетіп, тәлімгерлермен тілдесті. Президент 2022 жылдың қыркүйегінен бастап жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясы 20 пайыз, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15 пайыз өскенін еске салып, 2025 жылға дейін қазақстандық студенттердің шәкіртақысы 2 есе көбейетінін жеткізді.
«Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы, алдымен, сіздерге байланысты. Біз сіздерге сенеміз, үлкен үміт артамыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деді Мемлекет басшысы.
Президент Байзақ ауданында жаңадан ашылған Көктал орта мектебіне барды. Бұл білім ордасы материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған. Оқу орнында 32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, роботтехника кабинеті, спорт залы, шеберханасы, кітапханасы, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Мырзатай ауылындағы құс фабрикасын аралап көріп, кәсіпорынның цехтарымен және дайын өнімдерімен танысты. Голланд технологиясымен 1 млн балапан өсіретін құс фабрикасында 250-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді, өнім ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресейге, Қырғызстанға экспортталады.