Жолды түгел ашуға әлі мүмкіндік жоқ
Алматы-Бішкек тас жолындағы эстакада құрылысының сағызша созылуы кептеліс тудырып тұр. Осылай шағым айтқан көлік жүргізушілері 4 жолақты жолдың құрылыс кесірінен тарылып қалғанын айтады. Тар жермен сығылып өтетін көліктер салдарынан жиі соқтығысып қалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сағаттап кептелісте тұрып, сабыры сарқылған жүргізушілер мәселе көпір құрлысында деп шағым айтып отыр. Олар жол ортасына дейін қойылған бағаналардың тұрғанына да ұзақ уақыт болғанын айтты.
«Көпір құрылысы біткен жоқ. Баяғыда бітетін жұмыс ұзаққа созылып кетті. Кептеліс салдарынан жол-көлік оқиғасы жиі болады. Ерте шыққанның өзінде жұмысқа кешігіп барамыз», – деді облыс тұрғыны Олжас Дайырман
«Асыл арман» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Күнде осында келіп, істеген жұмыстарына қараймын. Арматура тоқудың ешқандай қиындығы жоқ, оған технология керек емес. Жұмысты тым ұзаққа созып жіберді», – деді қала тұрғыны Аят Малғажын.
Түсірілім кезінде де Алтын Орда маңындағы бұл тас жолда көліктердің соқтығысып қалғанын байқадық. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, эстакаданы айналып өтетін басқа жол жоқ.
Алматы-Бішкек тас жолындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешені мен «Алтын Орда» базары арасындағы көлік қозғалысын реттеу оңай емес» дейді жол патрульдік полициясының қызметкерлері. Олардың айтуынша, ережені сақтамайтын жүргізушілердің кесірінен көліктер де жиі соқтығысып қалады екен.
«Бұл жерде полицияның көмегі ешқандай рөл ойнамайды. Мына жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Көпір салынып жатыр, көлік төрт жолақпен келеді де қысылады. Себебі бергі жағында тек екі жолақпен жүре алады. Кептеліс, күніне 10-нан артық жол-көлік оқиғасы тіркеледі», – деді полиция департаменті патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы Арнұр Тұрдақынов.
Ал аталған 160 метрлік эстакада құрылысына 77 адам жұмылдырылды деген жауапты компания екі ауыссыммен жұмыс істеп жатқандарын айтады. Алайда ауа-райына байланысты қиындық туындағанын жасырмады.
«Иә, кептеліс болады. Бетон жасағанда тек екі жолақты ашық қалдырғанбыз. Қазір жұмыс бітті ғой, енді кептеліс болмайды. 2023 жылы қыркүйек айында жұмысты аяқтаймыз», – деді «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаров.
Жолды түгел ашуға әлі мүмкіндік жоқ. Бүгіннен бастап темір тіреуіштер шетінен алынып тасталып жатыр. Енді құрылыс толық аяқталғанша, теміртұлпар тізгіндегендер тек екі жолақпен өтуге мәжбүр.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы