Байланыс операторларына тексеріс жүргізілмек

aikyn.kz
aikyn.kz
Астанадағы интернеттің сапасын Президенттің өзі сынаған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ай сайын ақшасының артқанын айтып, хабарлама жіберетін байланыс операторларына бәсекелестікті қорғау агенттігі тексеріс жүргізбекші. Өйткені олар тарифтерді негізсіз өсіруі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Байланыс операторлары тарифтерінің қымбаттағанын тұтынушыларына кезек-кезек  хабарлама жіберіп жатыр. Ал тұрғындар мұндай шешім қисынға келмейтінін айтып, сынап отыр. Олар баға мен сапа сай келсе төлеуге дайын. Біздегі интернеттің күйі көңіл көншітпейтініне қапалы.

– 4 мың төлеймін. Сапасы орташа. Кей жерде ұстамайды, – деді қала тұрғыны Мағжан Қалелов.

– Интернет жақсы ұстамайды. Кейбір парақшалар ашылмайды, жүктеуге көп уақыт кетеді. Шетелде мұндай проблема жоқ, – деді қала тұрғыны Еңлік Мертенова.

– Ханшатырдың ауданында да интернет ұстамайды ғой, – деді қала тұрғыны Мансұр Қалиев.

Астанадағы интернеттің сапасын Президенттің өзі сынаған еді. Цифрлық даму министрлігі бас қалада интернет нашар ұстайтын 67 орын бар екенін айтады. Оның көпшілігі жаңадан құрылған аудан екен.  Сонымен қатар, байланыстың болмауына арнайы құрылғылардың орнатылмауы да себеп көрінеді. 

– Бізге қазір жаңа тұрғын үй кешенінің аумағына байланыс жабдығын орнату қиынға соғып жатыр. Себебі, кейбір тұрғындарда радио фобия бар. Яғни, әлгі аппарат денсаулыққа зиян келтіреді деп ойлайтын адамдар бар. Байланыс операторы өз тарапынан құрылғыны орнатуға дайын екенін айтады, бірақ тұрғындар тарапынан қарсылық бар, – деді  ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің басқарма басшысы Диас Төлегенов.

Цифрлық даму министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп жатыр. Жаңа құжатта базаны орнатуға кем дегенде тұрғындардың 50 пайызы қарсы болған жағдайда ғана құрылғы орнатылмайды. Қазіргі қолданыстағы ереже бойынша, тұрғын үй кешенінде бір ғана адам келіспесе іс кешеуілдеп қалады екен. Ал тарифтердің қымбаттауына қатысты бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі тексеріс жүргізеді. Егер, байланыс операторларының бағаны негізсіз өсіргені анықталса, түскен пайданың 5 пайызын айыппұл ретінде төлеуі мүмкін.

Өмір Серікбекұлы Нұрлан Өтегенов Ринат Өтеев «Алматы» телеарнасы Астана

Оқи отырыңыз: Апшыны қуырған аптап ыстық: қалай сақтанған жөн

Новости партнеров