Қарт маман 1982 жылдың ақпанында болған оқыс оқиғаны еске алады
Қызылорда қаласында теміржолдағы еңбек өтілі 800 жылға жуықтаған әулет тұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жеті жүзге жуық жолаушының өмірін сақтап қалған теміржолшы Орынбасар Қалмағамбетовтің ерлігі ел жадында. Шойын жолда шыңдалып, өмір мектебінен өткен қазыналы қария 76 жасқа толды. Ол 47 жылдық ғұмырын темір жол саласына арнаған. Қарт маман 1982 жылдың ақпанында болған оқыс оқиғаны еске алады.
– 1982 жылы ақпанда Тартоғай мен Майлытоғайдың арасында 1 блок жанып кетті. 1,5 метр рельс жеті бөлікке бөлініп, сынып кеткен. 17 пойыз өтуі керек. Жанып тұрған қызыл белгіден өткен машинист маған қарамайды. Сол кезде 700 адамның өмірін сақтап қалдым, – деді құрметті теміржолшы Орынбасар Қалмағамбетов.
Орынбасар Әбілқасымұлы еңбек жолын 1966 жылы Шиелі ауданындағы 17 бекетте белгі байланыс дистанциясынан бастаған. Әр жылдары саланың сан тарауында жауапты қызмет атқарған. Байланыс диспетчері болып зейнетке шыққан білікті маманның еңбегі елеусіз емес. Құрметті теміржолшы белгісін иеленген. Қос інісі мен қарындастары да темір жол саласын таңдапты.
– 1984 жылы Қызылорда белгі беру байланыс дистанциясына монтер болып жұмысқа кірдім. Сол салада монтер, электромеханик болып радиоцехта 40 жыл жұмыс істедім. Теміржол қауіпті аймақ болып есептеледі. Қыста қарда, жазда ыстықта да жұмыс істейді. Келіншегім, екі балам теміржол саласында жұмыс істейді, – деді еңбек ардагері Жалғас Қалмағамбетов.
Ал Бақытжан Сүгірбаевтың еңбек өтілі – 22 жыл. Ол – қазір Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының аға электромеханигі. Теміржолшылар әулетінің төртінші буыны «ата жолын жалғау мақтанышпен бірге жауапкершілік жүктейді» дейді.
– 2002 жылы темір жол саласына аталарымның ізін басып жұмысқа тұрдым. Қазір Шиелі стансасында белгі беру және байланыс дистанциясының аға электромеханигі болып жұмыс істемін. Локомотив тепловоздардың радиобайланысын тексеріп, магистральға шығуына жол береміз, – деді Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының аға электромеханигі Бақытжан Сүгірбаев.
Бүгінде Қалмағамбетовтер әулетінің бесінші буыны темір жол саласында еңбек етеді. Бір ғасыр бұрын алғаш Әлайдар Қалмағамбетов аталған салада жұмысын бастаған. Содан бері бір ғана әулеттен 30-дан астам адам темір жолдың түрлі тармағында қызмет етіп келеді.
Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Тоққа түсіп,көз жұмды: екі жастағы бүлдіршіннің өліміне қатысты қылмыстық тергеу басталды