|
21.03.2023 | 18:24
2485

Наурыз мейрамы: СҚО-да қазақ эстардасының танымал әншілері өнер көрсетті

Ұлыстың ұлы күнімен басты алаңға жиналғандарды облыс басшысы құттықтады

Наурыз мейрамы: СҚО-да қазақ эстардасының танымал әншілері өнер көрсетті Almaty.tv.

Петропавлда Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шара қаланың басты алаңында өтті. Мейрамға жиналған тұрғындар қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық спорт түрлеріне куә болып, қазақ эстардасына танымал әншілердің өнерін тамашалай алды. Әз-Наурызды өз ауласында тойлаған тұрғындар да болды, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркі халқы үшін қасиетті саналатын Ұлыстың ұлы күнімен басты алаңға жиналғандарды облыс басшысы құттықтады. Ол Наурыз мейрамының тәуелсіздік жылдарында жалпыұлттық мерекеге айналғанын айтты.  

«Халқымыз Наурыз мейрамын – жылдың басы, жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың бастауы деп санаған. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамының мәртебесі өсіп, ауқымы кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдарында жалпыұлттық және ортақ мерекеге айналды», – деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.

Петропавлға басқа өңірден қолөнерін көрсетуге келген шеберлер мен суретшілер де аз болған жоқ. Солардың бірі – БҚО-дан келген Гүлбаршын Бақтығұлова. Ол ұлттық құндылықты дәріптеп, Солтүстік Қазақстанға арнайы келген.  

«Өнер өте киелі. Сондықтан өнер арқылы халыққа қазақтың ұлттық өнерін насихаттап және ұрпаққа мұра етіп қалдырамыз деп ойлаймыз», – деді қолөнер шебері Гүлбаршын Бақтығұлова.

Қолөнер шеберлерімен қатар, алаңда ұлттық спорт түрлері бойынша да күш сынасып жатқандардың қарасы қалың. Онда жілік жару, асық ату, қазақша күрес және жеті қазынаны серік етіп келгендер де бар.

Қала тұрғындары Наурыз мейрамын тек орталық алаңда ғана емес, көршілерімен бірге тұрғын үй ауласында да қарсы алды. Ән салып, спорттық ойындар өткізілді. Бәрі бір үйдің балаласындай ұйымшылдық танытып, бірін-бірі келіп жеткен мейраммен құттықтады.

«Ұлтқа қарамастан Наурыз мейрамын бірге тойлап жатыр. Тек қана қазақ халқы ғана емес, орыстар да, тәжіктер де мейрамды атап өтеді», – деді қала тұрғыны Сәуле Шәріпова

Көктем мерекесінде солтүстік қазақстандықтар үшін көптеген шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Сахнада қазақ эстрадасының жұлдыздары, Орда мен «Hassak» этно-фольклорлық тобы өнерін тұрғындарға тарту етті. Наурызды тойлау алдағы күндерде де жалғасады. Облыс орталығында «Бауырсақ-фест» және спорттық жарыс өтеді деп жоспарланған.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир