Алматыда Еңбек мобилділігі орталығының бастамасымен жалпықалалық жұмыс жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шарада 70-ге жуық компания азаматтардың екі қолға бір күрек табуына көмектесті. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандар мен түзеу мекемесінен шыққандарды да жұмыспен қамту мәселесі қарастырылған.
«2023 жылы төрт бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 1300 адамға орын тауып бердік. Одан бөлек, Алматы қаласының қаулысымен жыл сайын квота белгіленді. Әрбір үлкен кәсіпкер екі пайызға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алуға тиісті», - дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айқын Жиенқұлов.
Жұмыс ұсынушы компаниялардың ішінде өнеркәсіп, өндіріс, сауда желілері, медицина және фармацевтика салаларының өкілі болды. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне де маман алу қарастырылды.
«Қазіргі таңда 500 орынға үміткер іріктеудеміз. 20 үміткерді осы жәрмеңке арқылы іріктедік. Әскери қызметші бойынша бос орындар саны – 350», - деді ҚР ҰКҚ шекара қызметі Жетісу облысы департаментінің бөлім қызметкері Әбілхан Жеңіс.
«Мен осы уақытқа дейін үкімет саласында мейірбике болып қызмет істедім. Шекара қызметінде жұмыс істеу - бала кездегі арманым», - дейді қала тұрғыны Елнұр Малғажинова.