Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр
Алматыда автобус терезесін таспен шағуды қызық көрген екі бұзақы анықталды. Олардың мектеп оқушылары екені тәртіп сақшылары жүргізген тексеріс барысында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала аумағында жүретін №33 автобустың әйнегін сындырғандар кәмелет жасына толмағандықтан, жауапкершілікті енді ата-анасы арқалайды. Айта кетсек, дәл осындай жағдаймен №25 автобустың жүргізушілері де соқтығысып отыр.
Қоғамдық көліктің жүргізушісі әдеттегідей жолаушыларды аялдамаға жеткізіп, сол түні жол үстінде кетіп бара жатқан. Азаматтың сөзінше, автобусқа кенеттен біреу жұдырықтай тас лақтырып, терезені шағып, жолаушылардың үрейін ұшырған.
«Аяқастынан тас ұшты. Оны басында білмедік. Терезе жанында отырған қыз шыңғырып, ортаға қарай секірді. Мен ол кезде жүріп келе жаттым, тоқтау мүмкін болмады. Себебі алдымызда бұрылыс болды», – дейді автобус жүргізушісі Роман Қамзаев.
Ал жауапты маманның сөзінше, №25 автобустың бесеуін терезесіз қалдырғандар әлі анықталмапты. Сондықтан тәртіп сақшылары тексеру жұмыстарын жалғастырып жатқан көрінеді.
«Бұзақылар Айгерім ықшамауданында Жаңа ғасыр көшесі, содан кейін цемент зауытының қасында жүрген. Қай жер қараңғы және камера жоқ, сол жерде шағып жатыр. Ол бір ғана жайт емес, 5 автобустың терезесін сындырды. Өткен аптада 2 автобустың әйнегін қатар шақты», – деді автобус паркі басшысының орынбасары Ризабек Бибәкіров.
Әйнегі шытынаған 5 автобустың 4-уі қазіргі таңда сынықтың орнын жамап, амалдай тұруға мәжбүр. Себебі көлік тұрағына бірден 5 автобусты қойып, жөндеу жұмыстарын жүргізу бір күнде аяқтала қоймайды. Оның үстіне барлығын бірден қалпына келтіру қымбатқа түседі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алатау ауданында тағы бір қоғамдық көліктің терезесін таспен атып сындырған мектеп жасындағы балалар туралы айтылған еді. Полиция қызметкерлерінің жүргізген тексерісі нәтижесінде олардың 7 және 9-сынып оқушылары екені анықталды.
«Балалардың заңсыз әрекеттері үшін олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабы бойынша жауапқа тартылды. Бұл баптың санкциясы 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды қарастырады», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Евгений Лысенко.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде автобустың төбесінен отшашу атып, айналадағы тұрғындардың өміріне қауіп төндірген жасөспірімдердің видеосы тарап еді. Бұзақылардың кім екені анықталды және олардың арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар екені белгілі болды. Аталған іс Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша қарастырылып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы