Өрттен зардап шеккен екі бала жансақтау бөліміне жеткізілді
Солтүстік Қазақстанда өткен демалыс күндері 23 өрт оқиғасы тіркеліп, 2 адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
13 қараша күні Петропавл қаласында үй өртеніп, оқиға орнынан 66 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Төтеншеліктер дәл осындай жағдай дәл сол күні Айыртау ауданында қайталанғанын айтады. Қызыл жалын 1975 жылғы адамның өмірін жалмаған.
Жылыту маусымы басталғалы пеш жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау себебімен улану жағдайлары да жиілеп кеткен екен. Өткен демалыс күні Бескөл ауылында бір отбасының 3 мүшесі уланып, 13 және 11 жастағы балалар ауруханаға ауыр хәлде түскен.
«Тексеру жұмыстары кезінде мәлім болғаны, ер адам №3 қалалық ауруханаға көміртегі тотығының токсикалық әсері диагнозымен терапия бөліміне жатқызылған. Жағдайы орташа ауыр. Оның кәмелет жасқа толмаған екі баласы ауыр жағдайда облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, реанимация бөліміне жатқызылды», – деді Қызылжар аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Аслан Ахметжанов.