Петропавлда тұрғындар жылуға зәру болып отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Азаматтардың айтуынша, тұрғын үйдің жертөлесін су басып қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда 5 қабатты үйдің тұрғындары пәтер суық деп шағым айтты. Кейбір пәтерде, тіпті ыстық су жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

4-Линия көшесінде орналасқан 5 қабатты үйдің тұрғыны былтыр жаңа үйге көшіп, қоныс тойын тойлаған. Мөлдір Мұқованың айтуынша, қуанышы ұзаққа созылмаған. Оның қақаған қыстың күні жылытқыш қондырғыны қосудан басқа амал қалмаған. Ал ай соңында келетін электр энергиясының төлемі қалта қағады, 1 бөлмелі пәтердің өзіне 14 мың теңге төлеген.

– Бір жыл бойы осы үйде тұрып жатырмыз. Биыл – екінші қыс. Үйдің мәселелері әлі де шешілген жоқ. WhatsApp-та үй тұрғындары үнемі шағымын айтады. Бірақ жиналыстың қорытындысы бойынша ешқандай мәселе шешілмейді, – деді қала тұрғыны Мөлдір Мұқова.

Бұл ғана емес, шешілмеген мәселе шаш етектен көрінеді. Азаматтардың айтуынша, тұрғын үйдің жертөлесін су басып қалған. Ал кейбір пәтерлерде жылу түгілі, ыстық су да жоқ.

– Жуырда жылу су берілді, бірақ ол бір аптаға ғана созылды. Біз 5-қабатта тұрамыз. Қазір қысым мүлдем жоқ, ыстық су 5-қабатқа жетпейді. Таңертең және кешкі уақытта суық су ағып тұрады. Тұрғындар жуыну үшін су қайнатуға мәжбүр. Мәселені қанша айтсақ та, жауапсыз қалады, – деді қала тұрғыны Дмитрий Назаренко.

Тұрғын үй құрылысына жеке меншік компания жауапты. Баспана 2022 жылы мамырда тапсырылған. Директор үй тиісті сараптамадан өтіп, ешқандай заңбұзушылықтың болмағанын айтты. Бірақ жағдай мүлде басқа болып отыр.

– Терезелердің қиындығы бар. Медігерді шақырдық, аптаның аяғына дейін келеді. Бәрін тексеріп, жөндейміз, – деді құрылыс компаниясының директоры Амангелді Тұрлыбаев.

Құрылыс компаниясының директоры олқылықтар қашан жойылатынын айтпады.

Айта кетейік, 4-Линия көшесінде орналасқан 5 қабатты үйде барлығы 106 пәтер бар.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Жол жоқ: Маңғыстау облысындағы тұрғындардың мәселесі қашан шешіледі

Новости партнеров