Газ кені өндірілетін өңірде 8 елдімекен көгілдір отынға зәру

Almaty.tv
Almaty.tv
Елдімекендерді газдандыру жобасы 5 жыл бұрын дайын болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстанда газ шығатын ауданның тұрғындары 5 жыл бойы көгілдір отынға толық қосыла алмай отыр. Өңірде 6 мыңдай халқы бар 8 елдімекен табиғи газға зәру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Зайсанда көгілдір отын мәселесі ушығып тұрғанына біраз жыл болды. Өңірде газ кені 2013 жылы жұмыс істеп бастаған. Өндірілген отынның негізгі бөлігі экспортқа кеткен, қалғаны ауданның тіршілігіне жұмсалды. Алайда оның өзі тек аудан орталығы мен алғашқы 9 ауылға ғана жеткен. Қалған 8-і көгілдір отынды әлі күнге дейін сарыла күтіп отыр. Біржан ауылының тұрғыны Риза Сұңғатова күн сайын түсте үйіне асығып, жүгіреді. Өйткені пешке бір-екі шелек көмір салып үлгермесе, кешке дейін баспанасы суып, жылыту қиынға соғады.

– Байлығымыз өзіміздің халқымыздың игілігіне пайдалансақ өмір сүруге ыңғайлы болады. Тамақ істейтін газымыз бітіп қалса, жүгіріп газ іздейміз, – деді ауыл тұрғыны Риза Сұңғатова.

Елдімекендерді газдандыру жобасы 5 жыл бұрын дайын болған. Тіпті құбырлар өткізілген, бірақ соңғы сәтте ол желілерді іске қосуға мердігерлер кедергі келтірген. Тендерге қол жеткізе алмаған кәсіпкер конкурстың нәтижесімен келіспей, сот ісі бірнеше жылға созылған. Ал екі ортада қалған 6 мыңнан астам тұрғын әлі күнге дейін газға жарымай, көмір жағумен әлек.

Серік Тауасаров 10 жылдан астам уақыт отын тасымалдап келеді. Жұмыс қиын, таудағы жол қауіпті. Сондықтан олардың көмірі қымбат, тоннасына 25 мың теңге. Ал облыс орталығында баға екі есе арзан.

– Көмір тасу өте қиын, соңғы 10 күндегі боран халықты тықырыққа тіреді. Өйткені көмір жеткізе алмай қалдық, – деді кәсіпкер Серік Тауасаров.

Былтыр жазда сот шешімі шығып, бастапқыда конкурсты жеңуі тиіс кәсіпкер тендерді ұтты. Бірақ жұмысты бастаудан бас тартты. Шиеленіскен сот біраз уақытқа созылып, керек-жарақ, материалдардың бағасы едәуір қымбаттап кеткен. Оған мемлекет бөлген бір миллиард үш жүз миллион теңге жеткіліксіз болыпты. Қазір жоба қайта қарауға жөнелтілді. Сорақысы да сол, Зайсандағы көгілдір отын қорының бітуге жақын.

– Белгілі бір елдімекендерді қосу – бұл қаржыландыру мәселесінен туындап жатқан жоқ, өйткені газдандыру қажет екенін түсінеді. Экология тұрғысынан да, халық үшін жайлы өмір сүру жағдайын жасау маңызды. Бірақ ең алдымен, біздің қорымызға байланысты, – деді Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Алдын ала белгілі болған мәліметтерге сәйкес, Зайсандағы Сарыбұлақ кеніндегі 5 миллиард текше метр газдың 300 миллионнан астамы ғана қалды. Негізгі бөлігі экспортқа кетті. Енді қосылған 10 елдімекенге қорда қалғаны 9-10 жылға жетеді. Оған тағы 8 ауыл қосылса, көгілдір отынның таусылу мерзімі 2 есеге қысқарады. Шығыс Қазақстан билігі өңірді газбен қамтамасыз етудің жаңа жолын іздеуге мәжбүр.

Әйкерім Пернебек, Руслан Мұхамедияров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысының тұрғындары екі күннен бері жылусыз отыр

Новости партнеров