Ол кінәсін толығымен мойындап, қатты өкінетінін айтты
Алматыда елімізде сотпен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік қозғалысының тағы бір мүшесі ұсталды. Алматы қаласының полицейлері күдіктіні экстремистік ұйым қызметіне қатысу бойынша қылмыстық істі тергеу барысында қолға түсірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның үйін тінту кезінде рұқсат етілмеген митинг пен акция өткізуде жоспарлаған құрал-саймандар табылған. Уақытша тергеу абақтысына алынған ол кінәсін толығымен мойындап, қатты өкінетінін айтты.
«Мен Қайырбек Кенжеахметов ақыл-есім орнында және ешкімнің қысымынсыз ашық күнде өзімнің адасқанымды жариялаймын. Маған бір әйел хабарласып, «Таугүлден» ертең 6 шілдеде митингке қажет ту, шелекті алып кетуді өтінді. Шын мәнінде, ол әйел осыған дейін Ақтауда алаяқтығы үшін сотталған Гүлзипа Жаукерова екен. Ол ҚДТ белсенділері чаты арқылы әр адамнан 1000 теңгеден жинап, менімен бөліспек болғанын айтты. Сонда ғана мен ақша жүрген жерде шындық жоғын түсіндім. Құрметті, қазақстандықтар! Қателеспеңіздер, біреудің торына түсіп қалмаңыздар. Еліміздегі тыныштық пен бейбіт өмірді бағалайық!», – деді күдікті көпшілікке үндеу тастап.