Алматыда есірткі саудасы азаймай тұр. Жыл басынан бері 118 келісі тәркіленіп, 10 зертхана жойылған. Бұл туралы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров тұрғындармен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл қаланың бас полицейінің тұрғындармен алғаш рет кездесті. Арыстанғани Расылханұлы алдымен қаладағы қылмыстық оқиғалар мен олардың алдын-алу және көпшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді. Кейіннен халықты алаңдатқан сұрағын тыңдады.
«Панфилов көшесінің бойымен жүрсеңіз мотоцикл мен мопед жүргізушілерінің үлкен керуенін көресіз. Қоғамдық көлік қалай тоқтайды солай түнде жас балалар мотоциклге отырады. Түнімен ұйқы жоқ. Осы мәселені айтып қанша жерге барғанымызбен ешкім тосқауыл бола алмай отыр», – деді қала тұрғыны Раушан Томпиева.
Биыл мопед пен мотоцикл тізгіндегендерге қатысты 200 жол апаты болып, 198 адам зардап шегіп, бір адам мерт болған. «Енді жол бойында ойқастап жүретіндерге тәртіп күшейеді» деді полицейлер.
«Бұл сұрақты тұрғындар күнде қояды.Осы жағдайды ескере отырып, біз шара қолдануды қолға алдық. Мұндай көлік құралдарын басқаратындарды енді сергек камерасы қадағалайтын болады. Қазір пилоттық жоба ретінде жүргіземіз», – деді Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Кездесуге мәселесін айтып келгендердің бірі Алатау ауданының тұрғыны – Лунара Сембаева. Оның айтуынша, соңғы 3 жылдан бері тұрғындардан маза қашқан. Жұрттың тыныштығын алған нашақорлар күн-түн демей көше кезіп жүретінін айтады. Салдарынан балаларымызды сабаққа жіберуден қорқамыз.
«Нашақорлықпен айналысатын адамдар машинамен топ болып келеді. Көшені қазып кетеді. Халық, балалар қорқады. Көшеге шығуға, ұйықтауға қорқамыз, түнде тыныштық жоқ», – деді Алатау ауданының тұрғыны Лунара Сембаева.
Қалалық полиция департаментінің есебіне сәйкес, өткен жылы Алматыда 468 есірткі қылмысы анықталған. 715 келіден астам наша тәркіленіпті. Заңсыз тауарды қазір әлеуметтік желіде ашық саудалайтындар да азаймай тұр. Былтыр 590 интернет-сайт анықталып, бұғатталған. Полиция бастығы есірткі қылмысының не себепті Алатау ауданында өршіп тұрғанын айтты.
«Қаланың ортасына қарағанда Алатау ауданында пәтер жалдап тұру арзандау. Есірткі зертханасын жасап жатқандар сол зәулім сарайда емес, уақытша арзан үйлерде жалдайды. Алатау ауданы бойынша арнайы жұмыс өткізілсін. Бақылауыма алайын», – деді Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Кездесуде сондай-ақ мектеп жанында жүргіншілер өткелін орнату, бейнебақылау камера санын көбейтуге қатысты сұрақтар да қойылды. Кейбірі кездесу алаңында шешімін тауып жатса, енді бірі басқарма басшыларына тапсырылды.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы