Елордада қарулы қақтығыстан бір адам мерт болып, үш адам жаралған іс бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға 25 тамыз күні Интернациональный ауылы, Маман көшесінде орын алған болатын. Полиция департаментінде мәлімдегендей, сағат күндізгі 16.00 шамасында екі тарап арасында туындаған дау-дамайдың соңы атысқа ұласқан. Күдікті тіркелген аңшылық қаруды алып шығып, оқ жаудырған.
«Төрт адам дене жарақатын алған. Оның біреуі ауруханада көз жұмды. Қалғаны қазіргі таңда ем алып жатыр. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Тиісті сараптама тағайындалды. Қылмыс жасалған құрал, яғни қару тәркіленіп, қазіргі таңда тиісті сараптамалар тағайындалды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы София ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Белгілі болғаны, күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткен. Десе де, тәртіп сақшылары тәулік ішінде екі күдіктіні ұстады. Бүгінде аталған жағдайға қатысты фигуранттардың барлығы анықталған. Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша, атап айтқанда «кісі өлтіру» және «кісі өлтіруге оқталу» баптары бойынша тергеу жүргізілуде. Кінәсі дәлелденген жағдайда 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.