Алматыда кімдер пәтер кілтін алды

01.09.2023 23:28

Тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы салынған

Almaty.tv

Бүгін Алматыда жалға берілетін пәтерлерге кезекте тұрған 178 отбасы кілтін алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жас қанат шағынауданындағы пәтер кезегінде тұрған тұрғындарға 3 жылға жалға беріліп жатыр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мерзімді ұзартуға мүмкіндік бар. Бүгін баспананың кілтін алғандар осы сәтте ұзақ күткенін айтады.

– Тұрғын үй кезегінде 14-15 жылдан бері тұрмыз. Бүгін сәтін салып, баспаналы болып жатырмыз. Жалдамалы пәтерге айына 300-400 мың теңге төлеп тұрдық. Ал енді айына 38 мың теңге төлейміз. Бұл – болашақ өз баспанамыз, – деді қала тұрғыны Айдана Садырбаева

Бұл ықшамауданнан әлеуметтік осал топтарға 401 пәтер беру жоспарланған. Бүгін 178 отбасы кілтін алса, өткен аптада 109 жанұя үйлі болды.

– Пәтер алған кісілер түрлі санатта кезекте тұрған. Олар  көпбалалы отбасы, жетім балалар, мүгедек бала асыраушылар, мүгедектер, зейнеткерлер. Алматы бойынша тұрғын үйге мұқтаж есебінде тұрған 41 мыңнан астам адам бар, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Талай отбасының қуанышына себеп болған тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Бүгінде ауласында абаттандыру, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Кезекте тұрған жандарға пәтер кезең-кезеңімен берілетін болады.

Оразай Нұртайұлы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы қаласындағы Қайрат ықшамауданында жаңа мектеп ашылды