Алматы қаласындағы Қайрат ықшамауданында жаңа мектеп ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
№211 мектеп-гимназиясына 1500-ден аса оқушын қабылданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласындағы Қайрат ықшамауданында жаңа мектеп ашылды. Бүгін гимназия 1500-ден аса оқушыны қабылдады. Қазақ тілінде білім беретін оқу орны заманауи технологиямен жабдықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

№211 мектеп-гимназиясы 6 блоктан, 72 оқу кабинетінен тұрады. Оқу кабинеттері жаңа талапқа сай интерактивті және смарт тақталарымен жабдықталған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары 2 ауысымда оқиды.

Мемлекеттік мектеп 1500 орынға арналған. 1 сыныпқа 285 бүлдіршін қабылданды. Алғашында 11 сынып ашу көзделсе, көршілес аудандардан оқуға келген балалар саны артып, тағы бір сынып қосылды.

– Райымбек ауданынан көшіп келдім. Екі немеремді оқытуға осы мектепке алып келдім. Мектеп ұжымына сәттілік тілеймін, – деді қала тұрғыны Қанат Тәліпұлы.

Заманауи мектеп Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Ата-аналар балаларының ғимаратқа кіріп, шығуын қадағалай алады. Мемлекеттік гимназияда 280 орындық асхана, медиатека бар. Сондай-ақ оқушылар тәжірибе жасау үшін соңғы үлгідегі зертханалар да қарастырылған.

– Химия, физика, биология пәні бойынша 4 кабинет бар. Балалардың жалпы сыныппен және жеке зертханада жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Қыздар тігін тігу, ас әзірлеу кабинетінде технология сабағын өткізсе, ұлдар ағаш өңдеу, керамика бойынша таңдау жасай алады, – деді Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Білім күні Алматыда 215 мемлекеттік және 108 жекеменшік, жалпы саны 323 мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» жобасының аясында қалада 37 мың 100 орынға арналған 22 мектеп салынбақ. Оның төртеуі Түрксіб ауданында ашылады.

Қайрат Советбекұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы облысында үш мектеп қолданысқа берілді

Новости партнеров