|
06.09.2023 | 18:28
3567

Жолдау-2023: Ауыл шаруашылығын дамыту жолдары қандай - мамандар пікірі

Биыл егін науқанында 4,7 млн тонна астық жиналды

Жолдау-2023: Ауыл шаруашылығын дамыту жолдары қандай - мамандар пікірі tirshilik-tynysy.kz

Қаржының көзі қалада ғана емес, далада да тұр. Тамақ өсіріп, талай елді жарылқағымыз келгенімен сырттан да алатын азық-түлік аз емес. Ал импорттың көлемін азайтып, елдің экономикасын дамыту үшін ауылшаруашылық саласына жан бітіру міндеті тұр. Маманынан бастап мәселесі шаш етектен болған бағытқа Президент жаңа бағдар көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ендігі іс – кері тартқан тұстардың кемшілігін жойып, тамырына қан жүгірту. Мал шаруашылығы және егін – елдегі ауыл шаруашылығын қамтитын екі сала. Екеуінде де Президент Жолдауында атап өткендей, техника 80 пайызға тозған. Оның үстіне, өнім өндіру бар да, өңдеу жоқ. Бұл да саланың тұралап қалғанына әсер еткен.

– Қазақстанда қой жүнін өндіргенмен, оны өңдеп, сату мәселесі қолға алынбай отыр. Ақтөбе қаласының жанынан қой жүнін өңдеу зауыты салынып жатыр. Сол зауыт іске асса, қой жүнін де іске асыратындай болашақ болады деп ойлаймын, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаев.

Болашақта бұл аталған бағыттар дамуы үшін реформа қазірден керек. Мәселен, экспортқа жіберілетін тауар үлесін арттырып, ел экономикасына қаржы құйғаннан бұрын, ішкі айналым ауқымын кеңейту - күн тәртібіндегі әуелгі мәселе. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа жөнелтуде көш бастағанымен, импорт тұрғысында да көптен қалыс қалмайды. Демек, елге кірген ақша айналымға түспей, қайта сыртқа кетеді.

– Тұқым өндіретін шаруашылықтар қазір өте азайып кетті. Сондықтан шетелден тұқым сатып алуға мәжбүрміз. Ал енді шетел бізге қандай тұқым сатады? Олар тұқымның ең жақсысын бірінші өздеріне қалдырады. Өздері егеді. Бізге үшінші, төртінші сортын береді. Ал одан көп пайда көрмейміз, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Тастанбек Атақұлов.

Биыл егін науқанында 4,7 млн тонна астық жиналды. Ішкі нарықты түгел қамтып, өзгемен сауда жасау үшін Үкімет алдына егіс түрін көбейтіп, жаңа сұрып шығару міндеті қойылды. Ал мал шаруашылығындағы цифрлар көңіл көншіте қоймайды. Қазақстан етті негізінен Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізеді. Дегенмен экспорттың көлемі аз. Былтыр 11 ай ішінде 149 тонна өнім сатылыпты. Ал импорт 39,1 мың тонна. Ал аталған бағытта рекорд байқалған 2019 жылмен салыстырсақ, ет өнімін сату 63 пайызға азайған.

– Мал шаруашылығын өркендететіндей жұмыс жасауымыз керек. Оның ішінде селекциялық малдарды асылдандыру қажет. Малды азықтандыру, биотехнологиялық әдіспен малдың сапасын, санын арттыру керек, – деді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаев.

Ауыл шаруашылығының қай саласы болмасын, субсидия, технология мен маманға зәру. Диқандар тұқыммен қамтуды да сұрап отыр. Ал ел экономикасына көбірек пайда әкелетін дақыл егуге Президенттің өзі пәрмен берді. Бұл қатарда суды көп қажет ететін егіс алқабын азайту, бір ғана астық түрін өсіруді шектеу де бар.

– Жер жетеді, су жоқ. Бар болғаны 1,5 миллион гектар жерді суарамыз. Ал ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің 35 пайызын береді. Егер барлық табыс 100 пайыз болса, сол 1,5 млн гектар жерден тек 35 пайыз алады екенбіз. Бұл мәселе қиын. Бізге келетін өзеннің барлығы бастауын басқа мемлекеттен алады, – деді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Тастанбек Атақұлов.

Иә, өзімізде өзен болмағандықтан судың сұрауы жыл сайын артып барады. Бірақ Мемлекет басшысы тапсырған шаруа біртіндеп шешім тапса, ел ерінбей еңбек етпек.

Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жолдау-2023: аманаттықтар Президент айтқан бастамаларды іске асыру жолын ұсынды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир