Астана әуежайының маңында бірнеше гектар құрғақ шөп өртенді

14.04.2023 00:01

Отты сөндіруге 40-қа жуық маман мен 5 техника жұмылдырылған

Almaty.tv

Астана әуежайының маңында бірнеше гектар құрғақ шөп өртенді. Қызыл жалын күндіз тұтанып, төтеншеліктер бірнеше сағат бойы арпалысыпты. Алайда әлеуметтік маңызы бар нысанға от тимеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әуежай маңындағы өрттің тұтанғаны туралы ақпарат төтеншеліктерге сағат 12:30-да түскен. Үш жарым сағат аралығында қызыл жалын 3 гектар жерді шарпыған. Қазір мамандар тілсіз жауды әуежайға қарай жібермеудің амалын жасап жатыр.

Отты сөндіруге 40-қа жуық маман мен 5 техника жұмылдырылған. Шөп құрғақ болған соң, соққан жел өртті қайта тұтандырып жатыр екен. Төтеншеліктердің бір бөлігі қызыл жалынды мынадай резіңкемен өшіріп жатса, енді бір бөлігі 18 литрлік ыдысты арқаларына асып, сөндіруде. Дегенмен, өрт ошақтары батпақты жерде орналасқандықтан тонналап су тасыған техниканың қозғалысы қиындай түсіпті.  

«Халықаралық әуежай мен Майбалық өзенінің маңайындағы құрғақ шөп пен қамыс өртеніп жатқаны туралы ақпарат келді. Үш өрт ошағын анықтадық.  Алдымен әуежайға жақынын сөндірдік. Жел де жұмысқа кедергі келтіріп жатыр. Оның үстіне жер батпақ болған соң, техникалар да жалындап жанған оттың қасына жете алмай жатыр. Дегенмен, маңайға қауіп төніп тұрған жоқ», – деді Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру бөлімінің бас маманы Арман Қабанбаев.

Қазір әуежайға да, маңайдағы шаруалардың қораларына да қауіп жоқ. Айтпақшы, әуежай баспасөз қызметі бүгін жанған құрғақ шөп ұшақтардың ұшу кестесіне әсер етпегенін хабарлады. Барлық рейс өз уақытымен ұшып жатыр.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана