|
01.07.2019 | 20:27
10603

Түркістан-Алматы жолаушылар автобусы апатқа ұшырады

Оқиға салдарынан бір жолаушы зардап шеккен

Түркістан-Алматы жолаушылар автобусы апатқа ұшырады Almaty.tv

Қаларалық автобустар толық бақыланбайды. Бұған дәлел – бүгінгі болған көлік апаты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістан облысынан Алматыға жолаушылар тасымалдайтын көлік жүргізушісінің айтуынша, автобус таңғы сағат 06.00 шамасында жолаушыларын «Сайран» автобекетінде қалдырып, қайтып келе жатса керек. Көшелерге жаңа себілген судың салдарынан автобустың дөңгелегі сырғып, көпірден төмен құлап кеткен.

Бірақ, бір қызығы, «Сайран» автобекетіне тіркелген тасымалдаушылардың арасында бұл автобус жоқ болып шықты. Автобекет әкімшілігі мұны Түркістан облысына қатынайтын автобустардың тіркеліп-тіркелмеуі жолаушылардың санына тікелей байланысты деп түсіндіруге тырысты.

«Аталған автобус Сайран автобекетіндегі жоспарлы қатынайтын бағыттардың тізімінде жоқ. Жоспарлы қатынайтын бағыт деп біз республика көлемінде тіркелген тасымалдаушыларды айтамыз. Ал бұл тапсырыс арқылы немесе бір реттік қатынайтын автобус болуы мүмкін», – деді «Сайран» автобекеті тасымалдау қызметінің басшысы Ерлан ӘБІЛДАЕВ.

Жолаушылардан жолақы алып, пайда тауып жүрген пысықайлардың тілшілерден қашу себебі де осында болса керек. Жалпы, Түркістан облысына қатынайтын 20 тасымалдаушы қаларалық бағыт бар екен. Оның өзі жолаушы санына байланысты өзгеруі мүмкін. Ал осы маңда тұратын тұрғындар мұндай апаттың жиі орын алатынын айтуда.

«Мен итімді үнемі осы маңайда серуендетемін. Мұнда көлік апаты жиі болып тұрады. Оған міне бүгін өздеріңіз де куә болып отырсыздар. Меніңше, бұрылыс ыңғайсыз немесе жүргізушілер жылдамдыққа қойылған шектеуді ескермейді», – деді қала тұрғыны Татьяна АГАПОВА.

Оқиға салдарынан бір жолаушы оң білегінен жарақат алыпты. №7 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне қайтарған. Ал аталған дерек бойынша, Алатау аудандық Полиция басқармасы тиісті сараптама жүргізу үшін тергеу амалдарын бастап кетті.  

Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир