«Алматы» телеарнасына 25 жыл. Мегаполистің, республика мен күллі әлемнің айтулы жаңалықтарының жаршысы болған арна ұжымы мерейтойын атап өтті. Салтанатты іс-шара аясында телеарна қызметкерлері марапатталып, арнайы әзірленген мерекелік бағдарламаны тамашалады.
«Алматы» арнасы үшін биыл – айтулы жыл. Ширек ғасырда телеарна көрерменге тың тележобалар ұсынып, жаңа журналистер буынын тәрбиеледі. Көрермен көзайымына айналған арнаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойымен құттықтап, хат жолдады. Ел Президенті телеарнаның ширек ғасыр ішінде бірегей жобаларды жүзеге асырып, игі бастамалар алаңына айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысының құттықтау хатын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов оқып берді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Бүгінде «Almaty» телеарнасы өз аудиториясы қалыптасқан республикалық медиақұрылымға айналды. Ұжым өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел мүддесі үшін қызмет етіп, телевизия сапасын заман талабына сай дамытуға үлес қоса бересіздер деп сенемін. Ұжымға толағай табыс және шығармашылық шабыт тілеймін! Еңбектеріңіз жемісті болсын!»
Ізге тілек жолдағандардың қатарында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министр Олжас Бектенов пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бар. Сондай-ақ қаланың қоғамдық даму басқармасы, қоғамдық кеңес мүшелері арнамызға арнайы келіп, алғысы мен ризашылығын білдірді.
– «Алматы» телеарнасына келсем үйімде жүргендей сезінемін. Ұжымдағы адамдар керемет! Журналистерге сұхбат беріп, қаладағы әлеуметтік мәселені бірге көтеріп, шешіп жатырмыз, – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Бекнұр Қисықов.
Сондай-ақ ұжымға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қоғамдық даму басқармасы мен өзге де ведомстволар және телеарна басшылығы арнайы алғыс хат табыстады. Іс-шара мерекелік бағдарламаға ұласты. Ұжым әуелетіп ән айтып, телеарна өткерген 25 жылды еске алды.
Сондай-ақ мерейтой аясында арна ұжымы 40-қа жуық іс-шара өткізеді. Жаңалықтар қызметі «25 қайырымды іс» айдарын ұсынып, digital-платформада балаларға арналған «Арманың алдамайды» жобасы жарыққа шығады.
Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Almaty TV телеарнасына құттықтау хат жолдады