Алматының Наурызбай ауданында 200-ден аса отбасы пәтер кілтін алды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жыл соңына дейін 2 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойламақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданында кезекте тұрған 218  отбасы пәтерге ие болды. Бұл қуаныш мүгедектер, зейнеткерлер, жетім балалар мен толық емес отбасылар және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жандарға бұйырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

75 жастағы Майра Әлібаева үйдің кезегіне 12 жыл бұрын тіркелген. 11 бала тәрбиелеп өсірген "Алтын алқа" иесі бұл күнді асыға күткенін айтты. Ол инфрақұрылымы мен көлік қатынасы қолайлы, дамушы ауданнан жаңа пәтеріне кіріп, шашуын шашып, қуанышын бөлісті.

– Қуаныштымын. Балалар қуанышымды бөлісіп, келіп жатыр. Жақсылық бола берсін. Ел-жұрт үйлі бола берсін, қуана берейік, – деді қала тұрғыны Майра Әлібаева.

Қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы жыл аяғына дейін кезең-кезіңімен пәтер кілті толық табысталатынын айтты. Жаңа пәтерлер заманауи тұрғын үй кешенінде орналасқан. Панорамалық үлкен терезе, кең бөлме, ауласы абаттандырылып, көгалдар мен түрлі өсімдіктер отырғызылған.

– Қала әкімінің тапсырмасымен биыл кезекте тұрғандарға жыл соңына дейін 2 мың пәтер беру жоспарда бар. Бүгінгі күнге 600-ге жуығы табысталды. Ал енді қалғаны жыл аяғында берілмек. Нақты кезекте тұрған 218 адамға кілт табыстау рәсімі өтіп жатыр, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Айта кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал тобындағы 2 мың азамат пәтермен қамтылады. Ал  оның 400-і жетім балаларға берілмек. Сондай-ақ баспананы басқа адамдарға жалға беруге және қайта жоспарлауға болмайтынын еске саламыз. Ал  жуырда 100-ге жуық тұрғын жаңа пәтердің кілтін алады.

– Көпбалалы жалғызбасты анамын. Он үш жылдан бері кезекте тұрмын. Түрлі бағдарламамен танысып, жазылдық, – деді  қала тұрғыны Гүлжан Бұқарбаева.

– Қуаныштымыз! Кең пәтер беріп жатқанын бірінші рет көріп тұрмын. Тұрғын үй құрылысын салған басшыларына рахмет, – деді қала тұрғыны Марат Мұздыбаев.

Мердігерлердің айтуынша, пәтерлер қыста жылы, жазда салқын болмақ. Ал пәтер иелері 1 бөлмеге айына 10 мың, 2 бөлмеге 15 мың теңге шамасында төлейді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін 2 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойламақ.

Талант Айымбетов, Ханкелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда Саин-Мөңке би қиылысында көлік қозғалысы қашан ашылады

Новости партнеров