Жеделсаты істемейді: атыраулықтар элиталы тұрғын үйде ауыз суға зар болып отыр

 Almaty.tv
Almaty.tv
Ең қымбат саналатын бұл тұрғын үй кешеніне жұрт былтыр көшіп келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудағы элиталы тұрғын үй кешенінің халқы баспана сапасы сын көтермейтінін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ең қымбат саналатын бұл тұрғын үй кешеніне жұрт былтыр көшіп келген. Жұрт сыртқы жұмыстарының толық аяқталмағаны былай тұрсын, іші де оңып тұрған жоқ деп налиды. Ауыз суға зар болған көпшілік жобада көрсетілген кейбір нысан әлі күнге дейін орнатылмағанын айтады.

– Тұрғын үйде жеделсаты 80-90 пайыз жұмыс істемейді. Біздің блог мүлдем қосылмайды. Құрылысшылардың айтуынша, тұрғын 70-80 пайызға толған кезде ғана қосатын көрінеді. Егер 2-3 жылда толатын болса, мен сол уақыт аралығында лифтісіз жүруім керек пе? Тағы да қосымша айта кетсек, сыртқы жұмыстары сапасыз істелген, – деді қала тұрғыны Мақсат Қуанышбаев.

– 2022 жылы қазанында «элиталық тұрғын үй, жағалаудың бойында орналасқан» деп алдық. Бірақ баспана сапасы сын көтермейді. Ауланың ішіндегі өсімдіктер қурап қалған. Тұрғындар қақпаның автоматты түрде ашылғанын қалап ек. Құрылыс компаниясы «тұрғындар жасасын» дейді, – деді қала тұрғыны Қайша Тілеуғалиева.

Айқайға басқан бұқараның мұңын тыңдауға құрылысқа жауапты мердігер мекеменің инженері келді. Оның айтуынша, құрылысты сапасыз жүргізген құрылысшылар жұмыстан шығарылған. Жаңадан жасақталған топ орта жолда қалған құрылысты қайтадан жалғастырмақ. Тамызға дейін бар кем-кетікті реттейтінін айтты.

– Қазір барлық жұмыс жасалып жатыр, жасалмай жатқаны жоқ. Су тартылып жатыр, енді су соратын құрылғы орнатылса, толық бітеді. Субұрқақ пен ішкі жұмыстарды да тапсырып, өткізіп жатырмыз. Фасадтар аздаған үйде қалды, қалғаны толық бітті. Жеделсаты мәселесі де басқа мердігерлермен келісіліп жатыр, – деді мердігер мекеменің инженері Жангелді Ермекқали.

Десе де, тұрғындар күмәнмен қарайды. Олар егер бұл жолы сөзінде тұрмаса, мердігердің үстінен құзырлы органдарға шағымданатынын айтты.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Новости партнеров