Ресми органдардан кәсіби кеңесті онлайн платформа арқылы алуға мүмкіндік қарастырылған
Kaspi.kz инновациялық компаниясының қолдауымен халық қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алды. Алматыда салық саласының тәжірибелі мамандары бас қосып, ауқымды семинар өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сарапшы Екатерина Кимнің айтуынша, төлем процестерін білмеу, есептегі қателіктер, жаңа талаптарға бей-жай қарау бизнестегі өрескел қателіктерге әкеліп соғады. Бұл мәселелердің алдын алу үшін еліміздің біршама қалаларында тренинг өтіп, сарапшылардан кеңес алу мүмкіндігі туды.
Татьяна Бородихина 2017 жылы бухгалтерлік қызмет көрсететін компания ашқан. Есептің үдерісі кейде көп қиындық туғызады деген кәсіпкер сарапшыларға жүгінгеннен кейін біршама мәселенің реттеліп, құжат жүргізудің жеңілдегенін айтты. Содан бері осындай іс-шараларға қатысуды әдетке айналдырған.
– Тәжірибелі бухгалтер ретінде бәрін білемін деп ойлайсың. Бірақ кейде қолдау керек. Кәсіпті енді бастап жатқандар үшін мұндай іс-шаралар таптырмас мүмкіндік, тегін материал береді. Қарапайым тілмен түсіндіреді, – деді жеке кәсіпкер Татьяна Бородихина.
Татьяна бұл жолы да салық саласы талқыланған кезекті семинарды қалт жібермеді. Кездесудің спикері Екатерина Кимнің айтуынша, мұндай басқосуларда қазақстандық кәсіпкерлер жиі тап болатын мәселелер талқыланып, оның шешу жолдары айтылады.
– Кәсіптік айналым деген не, кіріс деген не? Оларды дұрыс ажыратып, салықты қалай төлеу керек және есепті қалай жүргізу керек екенін үйретеміз. Ешкім есеп жүргізіп үйренбеген. Айыппұл санкциялары, хабарламалар, тексерулер – бәрі бизнеске салмақ түсіреді. Мұның бәрі kaspi.kz қолдауымен жасалып, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Қазақстанды аралап, семинар жүргіземіз, – деді «Алматы салықтары» қауымдастығының төрайымы Екатерина Ким.
Сондай-ақ кеңес беру алаңында кәсіпкерлердің, бухгалтерлер мен заңгерлердің көкейкесті сұрақтарына мемлекеттік салық қызметінің мамандары да жауап берді.
Еске салған жөн, ресми органдардан кәсіби кеңесті онлайн платформа арқылы алуға да мүмкіндік қарастырылған.
– Сұрақтары бар және қандай да бір себептермен мемлекеттік органдарға жете алмай жүргендер үшін платформа ұйымдастырылды. Мұнда келушілердің сауалына тікелей жауап беріп, жәрдемдесуге әзірміз, – деді Әуезов ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Талғат Тұрғаев.
Инновация саласындағы жетекші компания Kaspi.kz осындай оқу-семинарларды еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырып жатыр. Сарапшылармен кездесу тегін әрі ашық форматта өтеді. Келесі іс-шара 27 маусымда Астанада жоспарланған, 3 мың бизнесмен, үздік сарапшылар және мемлекеттік орган өкілдері ауқымды салық форумында бас қосады.
Әйкерім Пернебек, Айдана Нұраш, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы