Алматыда еліміздің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, аудармашы, белгілі жазушы, публицист Герольд Бельгердің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш қайраткердің Алматыдағы үйінің қабырғасына ілінді. 50-ден астам кітаптың авторы Герольд Бельгер қазақ әдебиетін өзге елдерге танытуға зор үлес қосқан қаламгер. Ол Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сияқты классиктерді орыс тіліне аударып, Гете мен Абайдың шығармашылығындағы үндестікті айқындап берді. Бүгін шараға белгілі жазушылар мен ғалымдар, қаламгердің жақындары қатысты. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Герольд Бельгер 1976 жылдан бері дүниеден озған шағына дейін осы үйде өмір сүрген. Еліміздің белгілі жазушысын мәңгі есте қалдыру мақсатында үй іргесіне ескерткіш тақта қойылды. Шараға қаламгердің жақындары мен зиялы қауым өкілдері келіп Герольд Бельгер туралы сыр шертті. Жазушы көзі тірісінде қазақ тіліне, ұлтқа қатысты мәселелерді ашық көтерді.
«Ол өмір бойы қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне қызмет істеді. Қазақтың тіліне қызмет істеді. Қазақтың тілі үшін қаншама еңбек сіңірді. Қазақтың жан дүниесін бір адам білсе, ол Герольд Бельгер деп ойлаймын. Қазақтың бүкіл артықшылығы мен келшілігін білетін осы кісі болатын. Сондықтан оның жазған шығармаларының барлығы қазақтың мәдениетіне қосқан үлкен үлесі деп есептейміз», – деді Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов.
Қаламгердің жанұясы 1941 жылы Қазақстанға жер аударылып, жас Герольд Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ ауылында өседі. Қазақ тілін жетік меңгереді. Әдебиет факультетін бітіріп еңбек жолын «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болып бастайды. Ол қазақ әдебиетіндегі Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды классиктердің шығармаларын орыс тіліне аударған. Абай руханиятын зерттеп, оның немістің жазушысы Гетемен үндес тұстарын талдайды. Сондай-ақ, бірқатар неміс жазушысының туындыларын орысшаға тәржімалады.
«Өзінің әдеби шығармашылығынан бөлек, қазақ тілінен орыс, неміс тілдеріне аударған еңбектерінен бөлек Герольд Бельгер қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол ұлттың, халықтың тағдыры үшін алаңдаған азамат еді. Біз қайраткердің құрметіне арнап түрлі қоғамдық шараларды әрі қарай да ұйымдастыра береміз», – деді «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қорының төрағасы Альберт Рау.
Публицист жиырмадай жинақтың құрастырушысы және жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-ке жуық жинақтың авторы. Бүгінде ол өзін қазақпын деп ғұмыры мен шығармашылығын қазақ елімен, жерімен тығыз байланыстырған тұлға ретінде есте қалды.
«Ол 2015 жылдың 7 ақпанында бізді тастап кетті. Сол кезде оның жаназасына сонша жұрт жиналады деп ойламадым. Ол өте қарапайым адам болатын. Өзін ешқашан жоғары бағаламайтын. Тіпті маған айтатын «о дүниеге кетсем бір-екі жылдан соң-ақ ұмытыламын» деп. Бірақ олай емес екен. Халықтың, қоғамның есінде екеніне міне бүгін куә болып отырмын. Әрине, алғысым шексіз», – деді Герольд Бельгердің жары Раиса Хисматулина.
Герольд Бельгер Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Президенттің бейбітшілік пен рухани татуластық сыйлығының, «Парасат» және «Достық» ордендерімен марапатталған.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы